meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  06.09.2022
  132


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ЖЕРМЕН СЫРЛАСУ

І
Табиғат ғажап!..
Төбемнен төніп күлді аспан.
Қалғиды таулар...
Бастарын мәңгі мұз басқан.
Шалғында жаттым,
Бақаның елтіп әніне...
Байғыздың үні –
Құлаққа келіп бір жақтан...
Сол түні алғаш жұмыр ЖЕРМЕНЕН
Сырласқам!
Жаудырап жұлдыз...
Жарқылдап аққан түнгі айдың,
Жүзіне қарап,
өзімнен-өзім мұңайдым...
қысқа ғұмырда –
сазындай сұлу сырнайдың,
бес-он күн ғана...
Бұлбұлың болып жырлаймын!
Тозамын мен де!
Тозасың түгел –
өзгең де...
Таулар тозады –
Нөсерден,
Күннен,
Желден бе?
Масаты қырда –
Масайып қасқа құлын жүр...
Өзінше мәз боп,
Өмірге мынау келгенге....
Мойындау керек!
өмірге келу –
Жаңалық!
ЖАҢАЛЫҚ даңқын –
Мадақтап көкке жаялық!
Алтын күн – АНАМ!
Жұмыр ЖЕР –
Жәннат бесігім.
Бесіктен таңда –
Оянсын күліп балалық!..
Осы бір сөзді –
Ақын да бүгін айтады-ақ!
Күркіреп таулар,
Жаңғырып дала қайталап.
Африкада маврлар тұрды ұйқыдан,
Палестинада ашыққан ұлын...
Арқалап, Аналар неге –
Кербала шөлін кезеді?
Кеберсіп жатқан –
Бұлдырық құмнан безеді.
Пәкістан жақтан
Жауыр атанын бақыртып,
Ауғанға қарай
Пуштундар ауып келеді...
Пуштундар асып...
Келеді қара таулардан.
Соңында жауы –
өртенген ауыл лаулаған.
Жетекке жүрмей
Жетім ботасы боздаған...
Қарғайды кімді...
Қаралы жесір зарлаған?
Қай жерден көрдім...
Осындай көшті аумаған?..
Түк көрмегендей –
Түйелер ғана сабырлы.
Қаралы көштің –
Қаралы жүгі ауыр-ды.
Қомның үстінде –
Қара балалар қылқиып,
Қара жартаста
Қара күшіген қалғиды...
Қайдан көргенім...
Есіме түспей дал қылды!..
ІІ.
Бағзы жылдарда –
Жырақта қалған кешегі...
Менің де елім –
Осылай босқан деседі!
Жұтаған жұрттан
Бұлаңдап қаңбақ өтеді.
Үдеріп үнсіз...
Қаралы көштер көшеді.
Қаралы көштер...
Қарақан бұлыттан аумаған.
Убақ та-шубақ...
Шұбыртып дауыл айдаған.
Ере алмай көшке
Кәрінің көзі жайнаған...
Алақан жайып,
Алапат күнді қарғаған!
Жесір ме...
Жел ме,
Даланы кезіп
Сарнаған?
Тұлпары тулақ –
Емендей берік ері аруақ!
Жаралы сарбаз –
Шоқпарын сүйреп жаяулап,
Қаңыраған жұртта –
Жалбыр төбеттер ұлыйды,
Мөлиіп айға –
Қырқадан шыққан алаулап...
Көз жасын көрер –
Көзіне түспей жан бөтен!
Иесі қайда?..
Қай сайда басы қалды екен?
Құтсыз қоныстан –
Түңілген кезде –
Тәу етер...
Иттің құдайы –
Аспанда жүзген ай ма екен?
Түбі түскендей –
Аспан төнеді күл бетті...
Күлбетті көктен –
Дала төсіне күн өтті.
Атан қомында –
Артылған қара кебеже,
Кебежелерде –
Қара балалар жүдепті...
Шексіз де-шетсіз...
Таусылар емес,
Құм әлі!
Айдынды көлді –
Көретін күн де туады!
Кебежелерден –
Жауатын күндей күркіреп,
Гүрзісін білеп,
Батырлар өсіп шығады!
Батырлар сон соң...
Қылышын тасқа қайрайды!
Қырық кез оқты –
Қорамса белге байлайды.
Санына тиген қамшыдан тұлпар шамырқап,
Есірік билеп,
Сулығын қарш-қарш шайнайды.
Түнеріп таулар...
Айқайға қосып,
Айқайды!
«Қайт! Қайт!», – деп жауын,
Жасыныменен жайқайды.
Қараңғы сайда...
Түнеріп тұрған сарбаздар –
Қақпа тастардан –
Қарауыл салып байқайды...
ІІІ.
Табиғат ғажап!..
Төбемнен төніп күлді аспан!
Қалғиды таулар...
Бастарын мәңгі мұз басқан.
Шалғында жаттым...
Бақаның елтіп әніне,
Байғыздың үні –
Құлаққа келіп бір жақтан...
Сол түні алғаш –
ЖҰМЫР ЖЕРМЕНЕН сырласқам!
Көлбеңдеп көзден –
Ғаламат толы ғаламдар!
Біріне бірі –
Ұқсай береді замандар.
Сенбегендерің –
Қызыл теңізге қараңдар!
Қызыл теңізде –
Ағып барады адамдар...
Қып-қызыл өртке –
Оранған Шығыс –
Жарадар...
Торғайдай тозып,
Тентіреп кеткен бала бар!
Қолға ұстағанын – көсеуі ғой деп қалмаңдар!
Автомат асып,
Үйінен шықты Аналар!
Қызарып түнде –
Алаулап Шығыс жанады.
Қып-қызыл оқтар...
Ерсілі-қарсы ағады...
Дүлей танкінің –
Шықырлап шынжыр табаны,
Ұйқыда жатқан –
Ауылды таптап барады!..
Шығыстың таңы –
Тұнжырап атты тұлданып.
Шудасын жайып,
Тауларға шөкті бура бұлт...
Хафиз жырлаған –
Иран бақтардың орнында,
Қалқиып жатты...
Қара пілдердей...
Күл қалғып.
Өртенген қала...
Өліктер жатыр жерленбей!
Қарғалар жетті...
Қаралы тойға келгендей.
Кәрілер отыр –
Көне мешіттің жанында...
Дәл осы қазір...
Тозақтан қашып келгендей!..
Миуа гүлдеп,
Қара орман шулап желменен,
Асығып мұнда –
Асау Ертістен келген ем.
Мынау сұмдыққа...
Балалар бей-жай қарайды,
Көзін ашқалы...
Соғыстан өзге көрмеген!
Ыңырсып жатыр...
Арыстан шығыс жарадар!
өртеніп жатыр...
арудай әппақ қалалар!..
Американдық тот басқан танкі ішінде,
Тығылмақ ойнап,
Мәз болып жатыр балалар!..





Пікір жазу