ТАҒЫ ДА ҚАР ЖАПТЫ ҚЫРҚАНЫ...
Тағы да қар жапты қырқаны...
Ақ таулар жалтылдап алыстан!
Жүр, досым, соңғы рет біз тағы
Бақтарды кезейік қары ұшқан.
Мылқау бақ –
Біздерге үн қатпас...
Сайран жаз,
Сандуғаш жоқ енді!
Жас кезде –
Сан қызға тыңдатқан,
Оқиық...
Дәмі жоқ өлеңді!
Ақылы аз болғанмен мына бас...
Ол кезде –
Мас еді сезімге...
Шайтан-ай!
Сол қыз да бұла жас,
Уыздай жас едім...
өзім де!..
Қыр асып,
Қырқадан теретін...
Тәтті еді сол жылғы бүлдірген!..
Қыз иті Майлыаяқ еретін,
Сан рет...
Түндерде үргізген.
Ондайда –
Күн ыстық,
Жол ұзақ...
Майлыаяқ қалмайтын салақтап.
Саршымшық қурайға қонып ап,
Көктемді сайрайтын мадақтап...
Атты да сан таңдар...
Күліп күн,
Тағдырдан қайтпаған есем көп!..
Мен кеттім...
Шалғайға үміттің,
Шабандау шолағын тепеңдеп...
Сан жөрде сүрінді-ау...
Шабылғыр!
Аса алмай қыр түгіл,
Күдерден!..
Шаршаған басымды тағы бір –
сол қыздың –
төсіне сүйер ме ем!
Тағы бір балаша күлер ме ем...