06.09.2022
139
ОТАН
Көрінді көз ұшынан ауыл маған,
Көкбесті!
Бауырың жаз арындаған.
Кіндіктің қаны тамған топырақты,
Жігіт пе мұндай сәтте сағынбаған!?
«Біледі көл қадірін шөлдегенде ер».
«Отан», – деген не деуші ем көрмегенде ел!
Өзім алғаш қаз тұрып,
Құлаған Жер!..
«Қайран шешем» –
Бесігін тербеген Жер!
Сағындым ғой,
Армысың, қарлы шыңдар!
Əлі саған қайтпаған сан құсың бар.
Алыс кетсем,
Қол жайып қалатұғын,
Құлақ берген, қарттарым, бармысыңдар!?
Армысың!
Құлан жортқан құба белім?
Тоздырған тұяқтарын Құлагердің.
Ақ ботаң боп алыстан боздап келді,
Сағыныштан жүрегім мына менің.
Сағынбайын,
Қалайша ойламайын!
«Отан» – деген не деуші ем,
Жәйда дәйім?
Ақ шашты менің сонау –
Қарт Анамнан,
Ақ сүт емген Жер екен айналайын!