06.09.2022
  82


Автор: Әуезхан Қодар

"Мамай"- дейді зор даусымен бір ағам...

"Мамай"- дейді зор даусымен бір ағам,
Мен мәнісін түсіне алмай, қызарам.
Кекесін бе? Өзімсінген әзіл ме?
Әлде жәй бір мәнері ме ұлықтың?
Жете алмадым түпкіріне құлықтың.
"Мамай" десе, мен Мамай-ақ шығармын,
Менің де бір оң жағымнан шығар күн.
Мамай сынды хан болармын қарадан.
Төрелерге аузын буған өгіздей,
Тиесілі дәм-тұздарын жегізбей.
"Мамай" десе, неге Мамай болмасқа,
Біздің де, біл, оңай емес жол – қасқа.
Заман да сол Мамай көрген бөз тұман.
Елге келсек, серпер емес тұяқты,
Ыдыраған Алтын Орда сияқты.
"Мамай" десе, ол бір көзсіз ер еді,
Табылмай-ақ бұл жалғанда керегі,
Адасты ол, маған жолын мұра ғып,
Ортасында үрыс пенен атыстың.
Арасында Шығыс пенен Батыстың.
Десе, десін, мен көңілін қайтарман.
Шаршадым мен болып батыр, майталмаң,-
Үлкенді де енді сыйлап көрейін,
Беделі үшін, аға сүйгіш жұрты үшін,
Ең кемінде,едірейген мұрты үшін.
Десе, десін, тарихшылар шатасып,
Білмей жүр: кім Қаһарлы Иван атасы,-
Ол Мамай ғой генуэздэк оқ жұтқан.
Мамай сынды, аңғалдыққа із берген,
Оқ күтпеймін дос кейіпті жүздерден.
Әзілге де қарсылық жоқ. Қарсымын
Кекесінге ұрдажықтау қарқыны,
Ниеті мен дәрежесі екі ұшты.
Заманда бұл, еркелетер жендетсіп,
Өз есімің бұйырғанға не жетсін.





Пікір жазу