06.09.2022
109
Қарсы ашылар есік жоқ...
Қарсы ашылар есік жоқ,
Тұшынарлық несіп жоқ,
Сүйретіліп келемін.
Қала – таныс, тым таныс,
Тіршілігі –қымтаныс,
Білсе, білер, жел-ебін.
Қорап-үйлер таң қысқа,
Бірін-бірі аңдысқан,
Күртілдек қар-қатқан нан.
Машиналар аң сынды,
Қол көтерсең, паңсынды,-
Күнәға міз батқанға.
Қайдасың сен, нар-талап?
Жалғыздықты арқалап,
Аяңдаймын көшемен.
Өңеш жыртқан алаңда,
Тобырларға жаранған,
Ыңтық та емен, өш емен:
Бәрі ермек қой дүрмекке –
Ашыну да, құрмет те.
Дүрмек те ермек біреуге.
Жоғымды іздеп келемін.
Тым алыста керегім.
Жарамайды тіреуге.
Жарнамалар от шашып,
Ұсынуға "ботқасын",-
Кеш батқан ба – бу қалай?
Келем көше сызықтап,
Барлық желік, қызықтан
Өз-өзімді дұлағай.