06.09.2022
  91


Автор: Әуезхан Қодар

ЖҰМАТАЙҒА

I
Енді сізден хабар да жоқ, дерек те,
Телефон да шала алмаймыз керекте.
Сіз кеткен жақ қалай өзі, қайтпайсыз,
Деміңізбен бізді алыстан демеп тек.
Құстар сайрап жыр қылады сізді кеп,
Сіз болсаңыз: «Таптым алтын ізді!» - деп,
Хаямменен түйістіріп көзені,
Ләйляңызға қосып жатсыз ізгі леп.
Құт болған соң, болғаны жөн қотырсыз,
Питекантроп жерлестер жоқ көкір сыз,
Шакьямуни Буддаменен сырласып,
Көлеңкеде малдас құрып отырсыз.
Қобыз тартып Қорқыт отыр – бас бақсы,
Жұмақтан да біраздан соң қашпақшы.
Сіз де елтіп өткінші өмір зарына,
Шыңғысханға Ұлы Музей ашпақсыз.
Қайтқаннан соң емес пе еді бәрі пір,
Әлсіз мұнда пенделіктің зәрі құр.
Маңғұлдығын мойындаған Абайдай,
Тегіңізді таптыңыз-ау нәрі бір.
Жыр жүзінде қосқан Шығыс, Батысқа,
Халқыңызды көп дүбірге қатысқан,
Бойтұмардай мойныңызға тағып ап,
Ендіңіз Сіз тоқтамайтын ағысқа.
Ол ағыста гүлденуде бек Далам,
Ол ағыста таба алмайды шек Ғалам.
Бір леп келіп аймаласа бетімді,
Сіздің сайын рухыңыз ба деп қалам...
II
Жұмағұл-Шора, Жұматай, менің досым-ау,
Ақынның күпті тағдыры деген осы ма-ау?
Жат болдым жұртқа мен Айдың арғы жағындай,
Амалым да жоқ жағдайдан мына шошымау.
Жасыңнан сенің ассам да, қызық біткендей,
Болса да бәрі, қасиет пенен құт кемдей.
Оздым ба, әлде, қалдым ба артта, білмедім,
Қозғалтпай қойды нөпірлеп келіп жұрт сеңдей.
Жасына да жат, кәріге тағы жатпын мен,
Елде жоқ тілде жазылған жұмбақ хатпын мен.
«Дат! – дейді, - тақсыр!». Еш тақсыр датты бермейді,
Даттары оңға шешілген ешбір сәт білмен.
Ешбір іс оңға баспады... Бәрі дұрыс қой.
Батырдың орны қаза кездесер ұрыс қой.
Бұлардың берген астары маған у болды,
«Атпен жүр! – дейсіз, ол да бір қате жүріс қой.
«Ұлыны сыйла!». Ұлылар іші нас халық.
Ұлы досым бар дидарлы емес, маскалық.
Киіп ап маска ойнаймыз солғын партия,
«Бастаңыз, көке!». «Бастасақ, Қодар, басталық!».
Бұ Қодар аты боп кетті маған табыттай,
Үндіше «абыз» бұл аттың мәні... Шабыт қай
Ұқтырмақ мұны? Кетем-ау, сірә, опынып,
Әкемнің аты Әбдіраман екенін танытпай.
«Орыс» ем, енді қазаққа, міне, айналдым.
Жорғадай қазақ қазығына кеп байландым.
Жайлауым қайда, қалың ел қайда, бос орын...
Зулап өтуде машиналары байлардың.
Гораций қайда бассүйек мұңлы ұстаған,
Ескерткіш қойған өзіне ойша – құс талап.
Ескерткіш маған керек те емес, себебі,
Ұсталар бітті, ақындар көп боп ұстадан.
Ақынға деген бітпейтін бізде борыш бар,
Ақынды сыйлап, ел болды, әне, орыстар.
Ақынды жою дәстүрің болса, жол болсын,
Билікте жүрген әкімсымақтар менен «болыстар».
Жұмағұл-Шора, Жұматай, менің Жұм-ағам,
Қазақ жоқ маған өзіңнен артық ұнаған.
Алпысқа биыл толады екенсің, он бес жыл
Жұмақта жүрсің арылып барлық күнәдан.
Ішпейсің онда, шекпейсің онда, жазбайсың,
Абайша айтсақ, шыбыны да жоқ жаздайсың.
Мінсіз ең... Енді мінсіздігіңізге зәруміз,
Христос ақын, оралшы бізге азбай шын.
Тіріліп тағы, жинашы қайта қағанат,
Жиренің қайда, болмайды саған шабан ат.
Серіксіз, доссыз өлімші болдым, Жұм-аға,
Өлуден гөрі тірілу – жақсы аманат.
Өзіңсің мұны аманат қылған, әмірім,
Өзіңсің басқан бар нәзіктіктердің тамырын.
Тағдырың сенің жас ақындарға көшуде,
Тірілші, кәне, «мамырың келді, мамырың!».
III
Асықпай қойды көктем де,
Көңілді немен жұбатам?
Барыммен ішкі жоқты емдеп,
Аспанға қарап құр жатам.
Қозы мен Баян - гүл күй ме?
Бөрідей Қодар - бөтен ұл.
Қозыны сүйсін дүние,
Бөріні сүйіп өтемін.
Махаббат неткен жасанды!
Ашудан таза жоқ сезім.
Періште болам қашанғы,
Садақсыз өтті оқ кезім.
Қыдырғандарға той - мәңгі,
Қыдырша саяқ, кідірдім.
Жоғалттым біраз формамды
Балбал тасындай Сібірдің.
Өзіме-өзім тұғыр да,
Өзіме-өзім құлпытас.
Мен тоздым, болып ығырдай,
Көңілім ғана тұр тұтас.
Көңілім менің - шық қаса,
Таусылмас мәңгі жүз грамм.
Егерде көктем шықпаса,
Мен ойша оны тудырам.
Ұқпасын мені сағымдар,
Көгертсін мені кім атап?
Жұмақтың бұлбұл бағында
Атаса болды Жұматай.
Мамырды бірге келтіріп,
Ләйлямен ләйліп күліп ап.
Жортамыз екі бөлтірік,
Адамша сөйлер тілі бар.
Жаңғыртып мида Хаямды,
Шараптан таттық ойша біз.
Шайырлар үшін ғаламды
Тәрк еткен, алып қойсаңыз.





Пікір жазу