06.09.2022
  128


Автор: Әуезхан Қодар

Өтежан Нұрғалиевке

Бір адам бар Алматыда адам деуге тұратын,
Көздері де, сөздері де найзағайдай сұрапыл.
Келе жатса таудай болып, иығында қорегі,
Жалғыз көзін екі қылған Төбекөзді көремін.
Иығында соғым емес, кітап толы қапшықтар,
Кітап оқып, ол өз-өзін теңіздерге ап шыққан.
Гомерлермен пікірлесіп, Овидийға «кімсің?» деп,
Жақтырмайды пенделерді сауда сіңген, кір сіңген.
Өзі болса, кітап сатып, жағар емес еш жанға,
Көнетоздау шляпасын сатқан былтыр Есжанға.
Киімі де қызыл-жасыл, жасытқандай ынжықты,
Өзі сері, өзі бақсы, талай жанды жүнжітті.
Өзі ақын, өзі ойшыл, грекше айтсақ, «философ»,
Нән дәптерде буырқанып, із тастайды «стилосы».
Кім айтады бұл кісіні Байганинде туған деп,
Ауыл маңы қояндарын жалаңаяқ қуған деп.
Бар айыбы, оқып апты тым ертерек Ду Фуды,
Содан болар ұнатпайды бос сандырақ, у-шуды.
Өзі қазақ болса-дағы, Ду Фу, сірә, жұққан-ау,
Өтекеңнің бар өнері: қазақтарға ұқсамау.
«Қазақылық қай ұғым, - деп, бөсер, - бәрі жат маған!»,
Фалестен де, Герместен де, Абайдан да таппаған.
«Шектесеңдер, ағайындар, надандықты шектегін!»,
Сөйтті-дағы жаза салды «Афинаның мектебін».
Бірақ, жартас сол баяғы Абай көрген қалпында,
Мызғымайды, міз бақпайды, талпын, яки талпынба.
Жартас тілін ұғу үшін ену керек хаосқа,
Сөйте-сөйте, бірте-бірте айналасың даосқа.
Өтекең де даос болды жоқ пен барға бір сілтеп,
«Бәрі өтірік, бәрі дұрыс, әлі адасып жүрсің!» - деп.
«Старый мастер», - дейді өзін. Десе, жөн-ақ, хас түрі,
Бірақ, егер мастер болса, шатастыру мастері.
Батыспенен Шығысты өңдеп, Шығыспенен – қазақты,
Ойшылдықты мазақ қылып, етті ойшыл мазақты.
Батыс жақтан бір Ай туды. Оңсыз, әлде, оң Ай ма?
Соқыр шөлде нұрлы көзді Гомер болу оңай ма?





Пікір жазу