06.09.2022
  164


Автор: Әуезхан Қодар

Уақыттың тықылы, темекенің тұқылы

Уақыттың тықылы, темекенің тұқылы
Күлсалғышқа аунаса жым-жырт қана, құқылы.
Күн көңілсіз... Не етемін оны да мен сілеп құр,
Қабырғасын бөлмемнің тыныштық кеп тіреп тұр.
Мен отырмын шұқшиып, жаным толы сұрақ кіл,
Сөредегі кітаптар мас достардай сұлапты.
Портрет боп елеусіз, ұстап зерен, қылышын,
Әруақ тұр нәр әкеп тірілетін ұлы үшін.
Динамитше зиянсыз, бастауы оңай ылаңға,
Бауырымда телефон – үйретілген жыландай.
Терезеге қарасам, бейне шаштай ұйысқан
Ирек-ирек бұтақтар мұң-құсадан құйысқан.
Бөлектенген дүние, тыныштығың сақтаймын,
Көп заттардың ішінде мен де тылсым заттаймын.
Доспын күңгірт бөлмеме, көңілімде ноль екпін,
Доспын, тіпті, өзіме, доспын, бірақ, бөлекпін.
Жуысқым жоқ ешкімге, ешбір жанды аңсаман,
Әріптерге айналып, жырым егер тамса аман.
Қағазыма үңілем, үңілгендей әлемге,
Тыныштықтан басқаны таба алмадым әлі емге.





Пікір жазу