Тұңғиыққа талайды батырды мұң...
Тұңғиыққа талайды батырды мұң.
Мұңның өзі ерлікке татыр бүгін.
Сүйсінерсіз мықтылық өрлікке сіз,
Түсінсеңіз Сизифтің батырлығын.
Құдайлардың ұшырап қаһарына,
Жырақ қалып теңіненң қатарынанң
Өзінен дәу жартасты итермелеп,
Қайта алмай жүр мардымсыз сапарынан.
Шығаран соң зорығып тасты шыңға,
Тас кері домалайды − қастығында
Құдайлардың рахым жоқ. Бәрі бекер
Күш-жігерін, ақыл-щй, жастығын да.
Бірақ Сизиф тұнжырап, жасымайды, −
Тамашалап жақыннан асыл айды,
Ол қайтадан түседі, сәл мұңайып.
Ойланып тым қатыгез тасы жайлы.
Есінде жоқ соқпағын бұлт кескені,
Сыздамаса жарасы білмес те еді.
Бір сәт қана есінде − шыңға шығып,
Жер − көкпенен үн−түнсіз тілдескені.
"Құрдымда да, тағдырым, қуана біл,
Шықтай таза көңілді буама мін?
Кері кетсен, кете бер, мен бәрібір
Сені шыңға қайтадан шығарамын.
Мейлі, болсың бекер-ақ қайсарлығым,
Бірақ, менің ол емес айтар мұным.
Ұмыттырған алаулы жеңіс сәтін
Арсыз күштің қинайды сайқалдығы.
Жүрегімді ашыну, нала жұлып.
Болды жалғыз қаруым наразылық.
Домалатып тасымды кетіп барам.
Өз-өзімді шындыққа таразы қып... "
Қабір-көңіл сезімге тойынама?
Сол батырдың ұнайды ойы маған.
Ей, сизифтер, сендерге тағзым етем,
Тұл тірлікте мән іздеп, мойымаған.