06.09.2022
  121


Автор: Әуезхан Қодар

Белгісіздеу бағытым да, жасым да...

Белгісіздеу бағытым да, жасым да.
Кетуім де мүмкін менің құр жанып.
Профессор Доуэльдің басындай,
Менің басым қателіктің құрбаны.
Әр қадамым амалсыздық амалы.
Жеткілікті болса-дағы өз қайғым,
Бұл дүниенің ең әлжуаз самалы
Жүрегімнің көкқұрағын қозғайды.
Түсінбесе, түсінбесін әлдекім,
Кедергі жоқ егер сенім болса нық.
Сыйлай тұра қанаттылар әулетің,
Кетсем деймін Айға жаяу жол салып.
Әсем теңеу, − тіпте, өзім де күлемңн.
Қайтем енді бұйырмаса бәсеңдік...
Әсемдікке қарсы менің жүрегім
Ұйқтататын дәрі болса әсемдік.
Қайдағы ұйқы? Тірелдік қой тұйыққа,
Ұсақталып сезіміміз, сөзіміз.
Батискафтай тік бойлаған мұхитқа.
Бойлайықшы өзімімізге − өзіміз.
Қорқынышты... Бірақ әділ бағаңды ал.
Көз жасыңмен жуып көңіл шаласын.
Мен қызығам жаны таза адамға,
Тарихшыдай тапқан бақыт қаласын.
Ал өзім ше? Жасындар мен лашындар
Мені көктен туысындай тұр танып.
Профессор Доуэльдің басындай,
Менің басым ізденістің құрбаны.





Пікір жазу