СҮТ АНА
(Шайда Шәріпқызының рухына)
Үйің сенің болушы еді ең шеткі,
Жеті қыз бен бір ұл өсіп, ержетті.
Әлі күнге апам айтып отырар
Соларменен бірге емдің деп емшекті.
Қос анардан аққан сүті бөлінген,
Қос анаға сәби боппын телінген.
Бала жылап жатыр десе жүгірдің
Түнде алаңсыз ұйықтап жатқан жеріңнен.
Бүгінгі күн жиі аламын есіме,
Өз балаңнан бөліп берген несібе.
Көз алдыма елестейді шақалақ
Шыр-шыр етіп жабысатын төсіңе.
Бөтен бала бетін әсте қақпайсың,
Қағуға да себеп іздеп жатпайсың.
Үлкен үй мен отаудағы абысын
Көңілдерін қалдыруға батпайсың.
Қайын ағалар жолы қандай ізгі еді,
Тіршіліктің тұтқалары түздегі.
Ағайынның алынбайтын қамалы,
Ауылымда сайрап жатыр іздері.
Аталарым, асылдарым ол менің,
Елі үшін төккен маңдай терлерін.
Ердің жолын әйел әсте кеспеген,
Игі дәстүр бала кезден көргенім.
Балалықты іздеп жүрмін сағына,
Бауырыңа тығылардай тағы да.
Ана сүтің тұла бойға таралып,
Араласып кеткен мүлде қаныма.
Қабіріңе жылда барып қайтамын,
Басымды иіп, мың сан алғыс айтамын.
Иілумен, сыйынумен, алайда,
Қарызымның өтелмесін байқадым.
Ақ жол қылып екі үйдің арасын,
Бірге өсіп ек, туғандайын жарасып.
Жеті қыздың ортасында желкілдеп,
Жүруші едім, апа, саған таласып.
Қызғанушы ем үйіңдегі ұл-қыздан,
Қойдым белгі көктегі ай мен жұлдыздан.
Ақ сүтіңнің өтеуіне өлеңмен
Ескерткішім болсын мәңгі тұрғызған.