АДАСҚАН АНАЛАРҒА
Тоқта, ана, балаң қалды артыңда,
Сәл сабыр ет, асықпа да алқынба!
Сәбиiңдi тастап қайда барасың,
Бар ма едi осы ата-баба салтыңда?!
Кете бардың көз жасына қарамай,
Маңдайынан бiр сипауға жарамай.
Тауқыметiн тартсаң егер тағдырдың,
Қиналарсың сол бiр жетiм баладай.
Бөбегiңнiң болашағын ойлашы,
Жаутаңдатып, жатбауыр қып қоймашы.
Бейбiт өмiр, ашық аспан астында
Балғын бөбек шаттансын да ойнасын.
Бала адамның бауыр етi емес пе,
Тоқта, тоқта, тағдырыңа егеспе!
Ата-анаңның ақтамадың үмiтiн,
Ана сөзiн сақтамадың неге есте?!
Асқақтама, алыстама балаңнан,
Ар алдында аласаршы бiр мезет.
Сәби қолдар кетпес мәңгi жағаңнан
Өмiр сенi өкiндiрер бiр кезек.
Алдыңда тұр талай шыңдар, асулар,
Ойларыңды таразыға салдың ба?
Кешпес мұны айлар, жылдар, ғасырлар,
Жауаптысың адамзаттың алдында.