06.09.2022
234
АПА, АЙТШЫ!
(Әжем Мінуара (Мапыш) Нұртазақызына)
Апа, айтшы,
Ұзақ жасау қиын ба?
Бара алмайсың жиынға.
Өткен-кеткен алмасып,
Жаңғырады миыңда.
Апа, айтшы,
Ұзақ жасау оңай ма?
Жүректі мұң орай ма?
Қалып қойған жандайсың
Қалтарыста, солай ма?
Апа, айтшы,
Ұзақ жасау жақсы ма?
Замандасың тапшы ма?
Отырасың күбірлеп,
Ұқсап кейде бақсыға.
Апа, айтшы
Көргеніңді қиындық,
Қасыңа кеп жиылдық.
Деуші едің ғой:
"Жаратқанға күні-түні сыйындық".
Апа, айтшы
Тартқаныңды диірмен,
Астық та жоқ үйілген.
Масақ теріп қырманда,
Шүберекті түйілген.
Апа, айтшы,
Сонау соғыс жылдары,
Соқа менен сырманы.
Өгіз айдап, жер жыртқан
Қыз-келіншек туралы.
Апа, айтшы...