06.09.2022
  115


Автор: Сәруар Қамаева

ЖИДЕБАЙ ЖЕРІНЕ СӘЛЕМ

Армысың, Абай елі – Жидебайым,
Тобықты Тоқтамыс пен Ер Мамайың.
Қақ жарған қара қылды билер өткен,
Атанған Әулие ата Кеңгірбайың.
Асуы Күшікбайдың жақын екен,
Бүркеніп ер шапанын жатыр екен.
Дертіне дәру таппай жүрсе-дағы,
Жауына жалғыз шапқан батыр екен.
Қасында қатар тұр ғой Қасқабұлақ,
Бұлақтың шығар жері тасқа құлап.
Ақынның кіндік қаны тамған жерден
Кетіпті «Абай жолы» басталып-ақ.
Көріп пе ең бұдан бұрын бұл ғажапты,
Көтерген түрлі өмір, қилы азапты.
Мұхтарың Абайыңды асқақтатып,
Танытқан жер жүзіне бар қазақты.
Табылған Ғазизаның моласы ма,
Малынған қос ананың сорасына.
Тамыры қиылған бір талшыбықтың,
Айналған қасіреттің қорасына.
Еңілік Кебекпенен танысқан жер,
Танысып, ғашықтар қол алысқан жер.
Қарамай шарананың шырылына,
Бөлініп ел екіге шабысқан жер.
Жазықтан Ералыдай өттім зулап,
Кешегі Бөпсей сынды көсем туған.
Шетінде жалғыз төбе көрінеді
Өзеннің жар-кемері ащы судан.
Бөрілі жатыр тарих қойнауында,
Қырат пен адырлардың ойларында.
Мұхтардың сара жолын жалғастырар
Жастарың жалыны бар бойларында.
Аңызға халық айтқан кенелесің,
Кеңітіп ақыл-ойдың керегесін.
Зере әже келінімен қатарласып,
Бауырына басып жатыр немересін.
Ақшоқы Жидебайдан әрі ме екен?
Құнанбай әулиенің сәні ме екен?
Қалың ел қамын жеген ұлы Абайға
Қазақтың даласының бәрі мекен.
Тарихың тағылымыңды еселесін,
Көгертсін ұрпағыңның көсегесін.
Абай мен Шәкәрімдей ұлылардың
Көтеріп тұрсың бүгін кесенесін.





Пікір жазу