06.09.2022
115
ҚОШТАСУ
(Ардақты аға, қадірменді ұстазым Балтағұл Әдиетұлының рухына арнадым)
Ағатай!
Туған жерге
Мүрде боп кетіп барасың,
Мәңгілік сонда қаласың.
Көбейтесің бір санға
Өлілердің қаласын.
Ағатай!
Айналайын демейсің,
Қалғаның ба өгейсіп?
Бабалар жатқан бейітке
Бізден сәлем дегейсің.
Ағатай!
Енді қарсы алмайсың,
Шығарып та салмайсың.
Тіршіліктің сапарын
О дүниеге жалғайсың.
Сөзімді еске алмадың,
Назарыңды салмадың,
Көтермедің басыңды,
Сонда білдім
Бұл дүниенің жалғанын.
Ағатай!
Орның енді толмайды,
Жүрекке мұң-шер орнайды.
Жоқтау айтып жұртыма,
Жыр жазбасам болмайды.
Қош, ағатай, қош енді,
Қатеміз болса, кеш енді.
Ақыреттік ақ жайма
Астыңа бүгін төселді.
Қош, ағатай, қош енді!