06.09.2022
  121


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Баябандағы бөкен жыр

(желілес жырлар)
І
Қапырықтағы қиқым ойлардан құралып,
Келемін үнемі керең күндерден сұранып.
Жапанға шықса жалғыз тал қылтан қылтиып,
Борандар айдап, басады неге құм ағып?..
Ұқсайма қалай жақсы жандарға қылтандар,
Мәнсіз бір кеш жоқ, өткізбейтұғын құр таңдар.
Боранға ыққан ұқсайды неге аққан құм,
Ей адам айтшы, осыны елеп кім талдар!
Серпілер жан аз, бұл қалай болды апыр - ау?!
Мұнарға неге орана берді атырау.
Жылт еткен шамды өшірмек болып ұмтылған,
Адамгершілік те азайып бара жатыр - ау?..
ІІ
Сапырылыстырып санада атой салды ұран,
Алапат алып із - тозсыз кетті сан мұрам.
Шалынып көзге шанда бір ғана түздерден,
Жалғыз аң жүрер үйірін іздеп қаңғыған.
Өткенді қарап ескіріп қалған жылдардан,
Үйірін байқап қайраңды қалың құмдардан.


Бөкендер қанша жүр екен Баябандарда,
Іздемесең де табылар мерген жымдардан.
Береді төтеп қандай бір іске жансебіл,
Оянбай әлі жатыр - ау екен қанша өңір?!
Көтеріп өзі бір маңның жалғыз ауырын,
Жапалы жаймен арпалыста жүр қанша өмір?..
Ақ арлы болмай аламын қайтып батамды,
Жүремін мынау құр салпақпенен қашанғы.
Топ құрап бір кез тарыдай болып шашылған,
Бөкендер қашан басады жалпақ жаһанды.
ІІІ
Басыммен жиған жеткілікті ме аз күшім,
Бітіре де алмай бірін де жүрген азба ісім.
Ажырғы салған аядай тірлікке иленіп,
Кетсем мен егер, мән алар қайтып жазмышым.
Ғажап та емес құлап түсуің әңгекке,
Айт қане сонда, кімдерде сенен қалды өкпе?
Ескеуіл күнде ескермей кеткен ісіңді,
Таратшы қане, қара жер менен һәм көкке?!
Естісін әлем, білсін де сенің сұрқыңды,
Батырсын содан тіпті де ары қылпыңды!
«Барынан жоғы» демей ме сонда қара жер,
«Кеткені жақсы, кетіргенінен шырқымды!».


Бекер-ақ, бекер, жалынсаң мейлі о, неге,
Тарпаң бұл тағдыр тартқылағаныңа көне ме?
У берсең елге басыңда бағың тұрғанда,
Бағың тайғанда, ел балын саған бере ме?
Бағдарсыз басқан сақтасын Тәңір аяқтан,
Жетпегірлердің желкесін қиып жай атқан.
Шежірелерге жүремін шөлдеп оятқан,
Ішемін зәмзәм ел берген алтын аяқтан.
ІV
Адамның бейне ұжданы болса ақберен,
Өмірде онда іске аспас арман жоқ дер ем.
Түсінер бір жан қосылса егер жаныма,
Мен соның өзін өмірдегі үлкен бақ көрем.
Кемірсін мейлі, құрта алмас мені қатал мұң,
Жеткенше хәлім адырларымнан асармын.
Батырақ болып қалсамда мүлде бәрінен,
Шүкірлік баба дарығандығна батаңның.
V
Қадау - қадау қурайы қап даланың,
Үнсіз қарсы ап құр дауылдың мазағын.
Дәрмені жоқ байғыз үні үздігіп,
Боз даланың боздатады - ай ғазалын.
Тұрам дөңде қыбыр жан жоқ маңда ешбір,
Құлазыған қу көңілмен мәндес қыр.


Ала құйын ойран - асыр шығарып,
Тоналады өңірдегі бар кеспір.
Қуып тығып жыраға жел қаңбақты,
Сұрқы қашқан сұр тастарды шаң басты.
Шанда көзге бір түсетін бөкен - жыр,
Бетке алды бұлдыр-бұлдыр тау жақты...



Желтоқсан 1999 жыл





Пікір жазу