06.09.2022
  181


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Еркінбектің монологі

Мұң ұрттадым тосытымды толтыра,
(Қу көңілім құлазиды толқыған).
Кездескенде аузыма сөз түспеді,
Ғашықтықтың ғаламаты-ау, ол сірә?
Сағымдайын көз жауымды ұрладың,
Сосын саған бағдарымды бұрғамын.
Сездің бе сен, сезбедің бе білмедім,
Қызыл тілдің жеткізе алмай тұрғанын.
(Білдім сосын құдайымның ұрғанын)...
«Сүймеймін» деп теріс қарап томсардың,
(Бірі-дағы орындалмай қолқамның).
Бақытымды тіредің де қияға,
Бір жағынан азап атты жол салдың.
Жүрегімнің дүрсілдерін жалқы ғып,
Тілегімнің құр сүлдерін қалдырып,
Қапылыста тасқа түскен қырандай,
Жүрек қалды қызыл қанға малтығып.
Жүргенімде бір жия алмай мұрсамды,
Махаббаттың сойылы кеп бір салды.
Ғашықтықты сездіріп ем,


Көзіме
Құрып қалсын!
Сүйген қызым құм салды...
Сонда өмірге келтіреді кім сәнді?..



Қараша 1999ж.





Пікір жазу