Мектеп ауласында
Ауыл аңсап тұр жаным жылағалы,
Жылайын ба?!
Көңілім шыдамады.
Барайын ба?!
Қайтейін танымадым,
Тұрды аулада бейсауат қыр адамы.
Қыр адамы көзіме жылы ұшырап,
Сағынышпен қараймын тұрысына.
Ағам болып қалмайды-ау іздеп келген?!
Араласты бір діріл тынысыма...
Үміттене қараймын, емес бірақ...
Емес бірақ...
Тұрғаны-ай елес құрап.
Көңілімді күпті ғып аңсарыма,
Қамшы ой жатты жанымды тек осқылап.
Сағынышқа шомылып бұла жаным,
Көз алдыма келеді жүзі ағаның.
Медеу екен көңілге бір сәтке де,
Аула ішінен көргенің қыр адамын.
Абыз ауыл айтады бар, тыңдаңдар!
Шежіре бар, сенбесең халқымда аңғар!
«Жабайылар келіпті»,- деп қалалық
Өте шықты қасымнан антұрғандар!!!
У боп тиді асқынған жараға бұл,
Кеткім келді егесіп далаға кіл.
Жетті дейміз,
Білмесе жеті атасын,
Жетілгені осы ма қаладағы ұл.
Көкөрімдер көңілді көктейді екен,
Бабам айтқан болашақ жоқ қой көкем?!
Кім кезіксе өтетін сәлемдесіп,
Сахарамның салтына жетпейді екен...
27 қараша 1999 жыл