06.09.2022
  77


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Тас таңба

Ақын Қуаныш Ілиясқа
Көкжиектен ғайып болды күн жылап,
Қоңыр ымырт жамырады тұнжырап.
Менде сонда күйге ендім жым-жылас,
Көз алдыма,
Көңілге де түн құлап.
Зіл басқандай еңсем түсіп барады,
Өз басымды өзім тұрмын бұрғылап.
«Есіңді жи! Еңбегіңнен еш қалма!»,
Деп түнгі ызғар жатыр мені жұлғылап.
Әттең, әттең! Ауыр ойлар мыңдаған,
Бас көтертпей жігерімді құм қылад...
Жәбрейіл тұрғандайын табанда,
Бар ғаламды жібергелі қылғып-ақ.
Қой, қой дедім, бақыт деген тым жырақ...
Көрдім сосын ақ арымнан бір тепкі,
Кенет үміт оты қайта жылт етті,
Орынымнан түрегелдім ырғып-ақ.
Бір биіктен қол бұлғады арманым,
Мені сонда тосып отыр сын-мұрат.
Кетпесін деп арманымды мұң бұлап,
Көңілімнің құлақ күйін мың бұрап,
Өз-өзіме күзет қойып келемін,
Табылады сосын ылғи керегім,
Топты ерлерден қалмайын деп бұлдырап.


Жүрсем-дағы бірде күліп, бір жылап,
Поэзия майданына ап келдім,
Ұждан дейтін арыстанды шынжырлап.
Қане, досым, мені осыдан байқа да,
Тарихқа тас таңбаңды ұр бір-ақ!..



25 маусым 1999 жыл





Пікір жазу