06.09.2022
149
Мамыр айы, маужыраған майда түн...
Мамыр айы, маужыраған майда түн,
Арудайын лебі жеткен жаныма.
Жымыңдайды жиі қағып ай қасын,
Мас болғандай мамық бұлтқа малына.
Көлбеңдетіп керім талдар көйлегін,
Қолын бұлғап шақырады алыстан.
Жатыр бұлақ жаспен шылап ой көзін,
Менің бала арманыммен жарысқан.
Қандай ғажап сезімдерге көмілгем,
Табиғаттың құшағына енгенде.
Бақыт емес, жолықтым-ау сорыммен,
Ең алғашқы махаббатым семгенде.
Жан сезімнен мұңға толы күй өріп,
Тербетеді арманымның даласын.
Тұрмын жалғыз аққайыңға сүйеніп,
Көз алдымда ары қарап барасың...
Мамыр 1999 жыл