06.09.2022
  98


Автор: Сәруар Қамаева

КЕЗДЕСТІМ СІЗБЕН...

Кездестім сізбен
Жаңғырып,
Қайта көктем боп.
Кездестім сізбен,
Тағдырға мынау
Өкпем жоқ.
Кездестім сізбен,
Өртендім,
Сүйдім беріле.
Кездестім сізбен,
Көмкердің,
Күйдім деміңе...
Кездестім сізбен,
Тағы да
Жаныма жарық түсірдім.
Сарғайған күздей
Бағыма
Сары құстарымды ұшырдым.
Кездестім сізбен,
Білмедім,
Қайда асықтым?!
Өткенді іздеп,
Сүрлеуін
Бастым ғашықтың.
Ғашық болардай,
Асық болардай
Емес те едім мезгілде.
Қанат қаға алмай,
Тағат таба алмай
Жүргенімді сездің бе?
Кездеспей кетті деп
Өзіңше
Қатты налыдың.
Кеудемде шоқты үрлеп,
Көзіңше
Жақтым жалынын.
Жалыннан жылу
Қалмаса,
Аламын нұрын қалпында.
Сезімнің, бүгін
Жанбаса,
Баладым күлін алтынға.





Пікір жазу