06.09.2022
128
ҰСТАЗ РУХЫНА
(Қазытай Жүсіповке)
Түсімде неліктен
Гүл ұсындың қолыма?
Ескертуге келіп пе ең
Қара деп оң мен солыңа?
Түсіндіргелі жүрмісің
Тірліктің мынау жалғанын?
Кетейін деп білгізіп
Алдыңғылардың арманын?
Гүлдерің неге сап-сары
Шәкіртіңе арнаған?
Ұқпаймын жай-жапсарын,
Дал боламын, таңғалам.
Сары гүл - бейне сары алап,
Көрсетер жүрген іздерді.
Өткенді оймен аралап,
Сағынып жүр ме ең біздерді?
Өзіңсіз таңым атпайтын,
Сағыныш толы төңірек.
Жердесің мүлде таппайтын
Жыласам-дағы еңіреп.
Жүрекке шуақ төгіліп,
Кеттің бе, ұстаз, қия алмай?
Көбесі көктің сөгіліп,
Көз жасын тұр-ау тыя алмай.
Рухың болар қолдаған,
Биік бүгін тауым да.
Жыр-сәлемім жолдаған
Айналар ақ жауынға.