06.09.2022
111
БОЛҒЫМ КЕЛГЕН...
Сүйікті болғым келген, аяулы да,
Жүзім сынық, көңілім қаяу мына.
Қиядан қия шапқан тұлпардайын,
Жүйрік қиял жеткізбес жаяулыға.
Бекерге мазалаудың керегі не,
Жүректің жете алмасам тереңіне.
Мойынға құрық ілген пенде ғұмыр
Бұйдаланып кетеді, ереді де.
Көл етіп көз жасымды тамшылатқан,
Тамшылатқан, намысты қамшылатқан.
Арнасынан асқанда сезім селі,
Күзгі қара жаңбырдай малшылатқан.
Малшыладым, тұншықтым, суық мүлде,
Босқа су боп жүрмін бе ашық күнде?
Тани алмай қалдым ба тағдырымның
Адастырған іздерін басып бірде?