06.09.2022
  134


Автор: Сәруар Қамаева

ТУҒАН ЖЕР ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

Туған жерім, атамекен, қонысым,
Бабалардың басып өткен жолысың.
Ақ жаулықты әжелерім кеңіткен
Қасиетті шаңырақтың өрісін.
Бай болыпты Әлімсүре елде өткен,
Бақ-дәулеті сыймағандай жер-көкке.
Аты аңызға айналған сол бабамның
Мекенінде анам бесік тербеткен.
Уақыт ізін тарих алға тарта ма?
Жылдар жүгін салғандай-ақ арқаға.
«Әлімсүре ауылы» деп Жасқайрат
Жазып қойған картаға.
Дейді оны қырық мың қой айдаған,
Желісіне жүздеп бие байлаған.
Өзгелерден биік тұрған бейіттің
Әр кірпіші саумал сүтке қайнаған.
Мыңдаған қой жүнін қосып салғаны,
Жылқы жалын арасына жалғады.
Ұмытпасын деп ұрпағы кейінгі,
Ел шетіне салып қойған қорғаны.
Бой түзеген балғын қыз ем бойжеткен,
Ой түзеген кестелі сөз өрнекпен.
Бұрымымды бұра тартқан самалың,
Нөсерің де ерекше еді селдеткен.
Еске түссе алай-түлей бораның,
Жатқан далаң ақ көрпеге оранып,
Әжем тоқып берген жылы шұлығым
Жүретіндей аяғыма оралып.
Туған жерім, жаздық жасыл жайлауым,
Қыраттарың, сарқыраған сайларың.
Өзің жайлы сағыныштың сәлемін
Ұшқан құстың қанатына байладым.





Пікір жазу