06.09.2022
  213


Автор: Дихан Қамзабекұлы

Сырбаздыға сырым

Бұл сәлем дос-жарыма арнап-арнап,
Сөз жазам аңдысына талғап-талғап.
Ыңырсу үн шығару ермек емес,
Мәнісін ұғу керек анық барлап.
Жеміс жеп жеміс болса сөз ішінен,
Қалу жол аз да болса жүрек жалғап.
Құр форым адам болу түкке тұрмас,
Өтпесе терең сөзге оймен жалдап.
«Ит үрді, керуен көшті» мәтел бар ғой,
Ұқпасқа айтылған сөз солай қалмақ.
Сөз быдық мағынасыз құр үн болса,
Жазсаң да ходқа тұрмас қанша зарлап.
Айыбы сөйлеушінің өз мойнына,
Жіберсең қабылдамай қайта жолдап.
Сөйленсе сөз орнымен ол бір асыл,
Ұқпасқа сөйлеуменен сөзің жасыр.
Екі көз, екі құлақ, қызыл тілің,
Бірі ұғып, бірі көріп сайрауын біл.
Екі-екі көбен құлақ жаратылған,
Көп қорғанның ішінде бұл жалғыз тіл.
Соның сырын шын аңдап ойға салсақ,
Көп тыңдап аз сөйлеудің пайдасын көр.
Жүрек ізін тілмәші сыртқа жаяр,
Пайда тап, я зиян тап бол қара тер.
Іш жүзінде қуанып я кейірсің,
Қайтсе де жақсы-жаман екі жақты ел.
Басыңа бір күн туып, бақыт келсе,
Не тілек рахатты Тәңірім берсе.
Ақ дегенің алғыс боп ходқа жүріп,
Соңнан қалмай қасыңмен досың ерсе.
Кездескен жақсылықты, жамандықты,
Ортақтап өлсе, талса бірге көрсе.
Дүниеде абыройлы сол, атақты сол,
Басына іс кездеспей бір күн өлсе.
Көзқарас көпшіліктің осы болып,
Соған құл болып өткен не күн келсе.
Адам зат басындағы күнге сену,
Ақылсыздық белгісі шындап білсе.
Себебі тарлық, кеңдік ол да кезек,
Өтеді барлық, жоқтық кезек-кезек.
Ауру саулық, бақыттық, бақытсыздық,
Құйрық тістеп өтеді басын тежеп.
Мезгілі қашан келу мәлім емес,
Тілек сол соңын берсе Тәңірім түзеп.
Шарасыз көрген істі сызып тұрмын,
Уақыт кем сөз жазарлық тілді безеп.
Кешегі күн зор бақыт басына орнап,
Қалғандай болды дүние боп жертезек.
Бүгінгі күн бірі жоқ қолдан ұшты,
Мойындадым тағдырға басымды изеп.
Қайыр шәр Хақтан деген осы емес пе?
Иманыңды ала алсаң анық дүзеп.
Напалеон кешегі өткен патша зоры,
Есепсіз дүние мүлік қалың қолы.
Дүниені атағымен тітіреткен,
Не боп өтті ойласаң ақыры соңы.
Ол дағы тор түскенін бірақ сезіп,
Сөйлеген сөзі үлгі қалдық жолы.
Ғибрат көз осындайдан ғибрат алып,
Көрінер оған істің теріс-оңы.
1932 жыл, иүлдің 4-і
Тұтқында





Пікір жазу