06.09.2022
  212


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ТАРИХИ УАҚИҒА

Неше мың жаратылған адам ұлы,
Көп болып бастарында басты мұңы.
Ежелгі жаратылыс заңы сол ғой,
Мәлім іс бір Иеге қанша жылы.
Әр дәурен адам заттан өтіп жатыр,
Бәрі де – бір тіршілік сақтау жолы.
Бір соның жағдайына амал қылып,
Тырбанып, жағаласып күні-түні.
Жоқ болса бар қылуға талаптанып,
Бейнетке бір өз басын саған түрі.
Бар болса көбейтуге шұғылданып,
Қайтсе де бір кесіпте болып мұңы.
Басының пайдасы үшін өз жынысымен,
Біріне дұшпандықты күткен бірі.
Я болмаса достасып, біргелесіп,
Жан қамын солай қамдап еткен түрі.
Адамды тұрмыс билер әкімі сол,
Қайтсе де көндірерлік зорлығы мол.
Кеңдік, тарлық кездесіп сол әсермен,
Реніш, я қуаныш болуы зор.
Адамның сүйегіне сіңіспеген,
Әдеттің қиындығы дәл қолма-қол.
Түсіне алмай жағдайға қателесіп,
Көбіне кездесіп тұр темірден тор.
Құсқа ұқсап тамақ табар заман туды,
Қайтсе де еңбек үшін белін буды.
Еңбек болмай еңбектің жоғын біліп,
Бұл тұрмыс қонысынан жұртты қуды.
Я көшіп, я бұзақы іске кіріп,
Тырысты жан сақтауға кешіп суды.
Не өлу, не бір түрлі кесіп қылу,
Адамды ыхтиярсыз белден буды.
Қазақ ұлы бауырмал адам еді,
Қарасаң терең көзбен жаман еді.
Қараңғылық еңбексіз тамақ іздеп,
Кең қонып, ен жайлып қарап еді.
Тарлықты өмірінде бұрын көрмей,
Әр жерде көшіп, қонып тарап еді.
Меншіл жолын өзде-өзі артық біліп,
Мұны зор кеңдік жол деп санап еді.
Меншігінде болмаған қандай іске,
Өте салқын бәрі де қарап еді.
Жалпы адамға пайдасын есептемей,
Күндіз-түн бір өз басын санап еді.
Бұ-дағы тұрмыс жолға түсінбеуден,
Бір пайдасы артылмай ішіп-жеуден.
Қолда барды жоғалтты, көзін жойды,
Тартынбай бұл білместік ісім деуден.
Жоғалтпасқа қоймады белсенділер,
Көнбесең мынау заңның күші деумен.
Қас түзеудің орнына көз шығарып,
Қорықпад бұл перегиб ісім деуден.
Сол салдардан жоғалып қолда бар күн,
Аштықты ұшырады ісіп кеуден.
Өлген өліп, өлмеген көзін жұмды,
Тартынбай мынау арам кесіп деуден.
Сондай уақыт тоздырды быт-шыт қылып,
Өлудің шарасына қарсы тұрып.
Көпшілік қисын қарап беттері ауды,
Жан сақтау жағдайына мойынын бұрып.
Біреу адал кесіппен шұғылданса,
Біреу арам кесіпті машық қылып.
Маңдай терін ағызды сол ретпен,
Әлді-әлсіз, ауру-сауы бірге жүріп.
Сол салдармен қылмысты жұрттың көбі,
Оңай тамақ табуға ауып дені.
Қара да, ақ та қара неген жеген,
Тұтқында ұрылуда ұшып күлі.
Бәріде бір Жалғызға зарланады,
Сыртқа теуіп ішіне сыймай мұңы.
Адам ұлы кешірген талай дәуір,
Ішінде сол дәуірдің бұл бір түрі.
Жатырмыз тұтқын үйде мал тәрізді,
Тәңір мен ұлыққа айтып мол арызды.
Мезгілі қабылдықтың қашан болмақ,
Есіркеп, есіне алып хал азыңды.
Көз жаудырап, сарғайып есік күтіп,
Кейде дәрет қылады мол жазынды.
Кілтті есік, тор терезе аңдушы көп,
Тыңдамас жүз қақсасаң мұң-назыңды.
Зарлайсың, жалынасың ағатайлап,
Сездіріп шыдауыңа күй азыңды.
Құдай-ау, кездестірдің мұндай орын,
Көз көрді тарлық жолдың аса зорын.
Көздей тесік сығалап көз сарғайып,
Есіңе қашан кеп ед мұндай форым.
Баққан малдай түгендеп бағып, қағад,
Аз уақыт еркіндікке жетпей қолың.
Ішің өтіп, халың жалын күйдіреді,
Леп шығып, аһ дегенде зарлы форым.
Толғанып олай, былай жүрер жер жоқ,
Елестеп көз алдыңда ажал өлім.
Ыңырсып, құсып, тышып ауру жандар,
Былғаған шамасыздан жатқан жерін.
Дені сау оны көрген басын шайқап,
Қиналып жан ашумен аққан терің.
Сондай халдар өзіңді қажытады,
Дегендей мұнан-дағы өлген көрім.
Өзің де қажығансың ойлап көп ой,
Қорлықтан шіміркеніп бар тұла бой.
Көрген тарлық мұрныңа боқ иіскетіп,
Сасық, пасық, бит, бүрге қоршаған ғой.
Қандала ұйқы бермей қаның сорып,
Шырт ұйқың жүз бөлініп көтертпей бой.
Мейір қанар қызықтар бір нәрсе жоқ,
Сұлап жату, ұйықтау бел алған ғой.
Терең ой барында бар, жолында жоқ,
Үйткен мен бастың қамы жол алған ғой.
Қызықтар балаң, үйің артта қалды,
Көре алмай қарасынан көзің талды.
Мәз болып масайрасып, күліп, ойнап,
Отырған ерікті күн адыра қалды.
Солардың халы, жайы не болды деп,
Қиял ой жүз құбылып мазаңды алды.
Жылайсың іште қапаң сыртқа теуіп,
Әсіресе жан сақтаудың жолы тар-ды.
Жүретін ағатайлап балаңды ойлап,
Мұң, қайғы жүрегіңе жара салды.
Немесе құлыным дер әкең, шешең,
Күңіреніп бір сен үшін тартқан зарды.
Немесе жан сүйгенім серігім дер,
Жалғанда жаны басқа әйел зарлы.
Немесе өте жақын туысқаның,
Сыйласқан аға, іні боп бәрі қалды.
Немесе жан қиярлық дос-жарларың,
Көре алмай жақындамай біздің маңды.
Соны ойлап зарығамыз зар күй тартып,
Құр форым, болмаса не сәнің қалды.
Отырмыз Ақмоланың түрмесінде,
Тәңірдің кездескен соң кермесіне.
Кіші іні, үлкен аға бір туыстай,
Жантая сүйенеміз іргесіне.
Іш пысып, тақтай батып, дене ауырып,
Есіркеу кездестік пе бермесіне?
Кейде ой бөліп, ертегі, әңгіме айтып,
Күліп, ойнап, наз шағып теңдесіне.
Кейде ой түсіп, сөз қатпай, жабырқанар,
Күйеудей өкпе айтқан жеңгесіне.
Құмалақ, таспих, таяқ қолдан түспес,
Бір дауа бола ма деп зердесіне.
Соған кейіп, қуанып шуласамыз,
Ой бөлмей келуі не, келмесі не?
Шынында қолмен бөлген тас пен бұршақ,
Онда білер білім жоқ ойлап тұрсақ.
Оған кейіп, қуану орны жоқ қой,
Терең ойлап шындыққа мойын бұрсақ.
Әншейін бір еркек қой күн батырғыш,
Ой бөлгіш, жұбаныш қой есеп қылсақ.
Болмаса одан келер пайда-зиян,
Жоқтығы әшкере ғой ондап ұқсақ.
Сөзімнен аз да болса жемісі бар,
Құлақ сап, мимен тыңдап, жақсы ұғынсақ.
Бұл бір леп іштен шерді жазып өткен,
Бізде бар тіпті әлсіреп, халы біткен.
Қайтейік бір Тәңірге жалынамыз,
Басқаның көмегі жоқ іздеп, күткен.
Ей, Тәңірім, өзіңе оңай қиын істер,
Жатырмыз есіркер деп біз үмітпен.
Мақұрым қылмай тілекке жеткіз, Алла,
Дегендей қиыншылық күні біткен.
Күндіз-түн зарланамыз пазылыңмен,
Санама бізден қылмыс болып өткен.
Жастық, мастық өтті ғой басымыздан,
Үлкен аға, кіші іні жасымыздан.
Жүрек ақ бір өзіңе жалынамыз,
Еңіреген көзімізде жасымыз қан.
Бір Тәңірі, өзіңе аян барлық істер,
Бір тамшы су ойласақ асылымыз қан.
Жан беріп, оған лайық дән де беріп,
Жан сақтау шарты ішкен асымыздан.
Сол құлқын маңайтында қызмет етіп,
Атқарар іс аспады басымыздан.
Сұрау – бізден, қабылдау – өзіңнен,
Шығады шын тілекпен жас көзімнен.
Іс санаспай жарылға Жаратқаным,
Құлдық жолға келгенде біз езіңнен.
Тілек көп, мақсат ашық, сөзім қысқа,
Азырақ аңдағанға сөзім нұсқа.
Көз көріп, бастан кешкен істі жаздым,
Жолдастар, мейлің таста, мейлің ұста.
1932 жыл, иүл
Ақмола түрмесінде





Пікір жазу