06.09.2022
  112


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ШАЛА БЕЛСЕНДІЛЕР

Белсенді кім?
Бола ма мін,
Пайдаланған теңдіктен?
Асып жатқан,
Белшеден батқан,
Сезіне ме кемдіктен?
Көпшілігі мынау,
Істе бар ма ұнау?
Тек қана аты – белсенді.
«Сыйса да бер,
Сыймаса да бер,
Дейді көбі,– бес сомды».
О да – біздей адам,
Қараңғы, көбі – надан,
Бірақ бар мол-мол белгісі.
Келер өте шауып,
Жоқ зәредей қауып,
Көрінер көпке зор кісі.
Айтатыны – «мен – Құдай»,
Көзіңді аш жұмбай,
«Көр, міне,– дер,– әкеңді.
Заң жолында,
Іс қолымда,
Ұрмаймын дер әкемді».
Сүйтіп тұрып боқтар,
Айтқанға болмай тоқтал,
Ырымға титтей білім жоқ.
Ар ұяттан кем,
Ерні толған дөң,
Саңғыруы өте көп.
Дудардай шаш,
Түзете алмай қас,
Салғаннан келіп бас салар.
Басында кәртөз,
Ашулы, боп-боз,
Білгенді тіпті қас санар.
Тік отырмай құлап,
Аяғын жимай сұлап,
Үстінде – қара көйлегі,
Аяғында шеблет,
Басқандай әбілет,
Сөккені жан боп көрдегі.
Кейбіреу сояу,
Аузына жақын таяу,
Саусағымен ұстаған.
Бұрқыратып түтін,
Кемдіксіз бүтін
Ешнәрсе жоқ қыстаған
Біздікі – «жолдас»,
Ұқсамай болмас,
Бар үлгісі, өрнегі
Зиян мен пайда,
Білу оны қайда?
Пар болмақ жанға төрдегі.
Табылса «гөркі»,
Енеді көркі,
Қуанған мәз боп қайғы жоқ.
Далақтап шапқан,
Шын Тәңір атқан,
Көздегені бір күн боп.
Жабылып ішкен,
Көкейін тескен,
Тентек су өте құмары.
Боқтасып бәрі,
Төгіліп ары
Сезінбей бар ма ұнары?
Біле алмай зиян,
Білімділер жиған.
Хабары жоқ шинамдай.
Қызыл қан басы,
Кәрісі, жасы,
Бір ісі жоқ ұнардай.
Далба-далба киім,
Боқтасқан сыйын,
Үміт үздің олардан.
Өздерінше жөн,
Адалдан кем,
Жиркенбей жол деп қолданған
Сайтанның туын,
Сезбейді уын,
Білмейді үлкен зарарды.
Дініне де,
Деніне де
Жәйіліп уы тарар-ды.
Алкогөл атты,
Белгілі у затты,
Улайды өте құмар ғып.
Ішті болды,
Қойды қолды,
Істеген ісін ұнау ғып.
Төбеде қолы,
Күзеулі байтал формы,
Сипап қайырып кекілін.
Есалаң, жынды,
Өзін әуре қылды,
Кім деуге келмей секілін.
Аяғында киім,
Боқпен беріп сыйын,
Аттанар үйден міні жоқ.
Күйегін асып,
Мастанып тасып,
Адамдықтың түрі жоқ.
Кейінде пәлте,
Тар шалбар келте,
Ауропа форым оларда.
Киінген кісі,
Көрініп мысы
Ит ұқсасын оларға.
Далақтап шабар,
Көздегені алар,
Айтуға қызмет заңдікі.
Қарны тойса,
Дегені болса,
Заң қалар – қызмет бардікі.
Кейінде плащь,
Өзінше тыраш,
Майлап шашын тараған.
Тройкамен кейі,
Сырты ғана ойы,
Соны адамдық санаған.
Ылғи ыржың,
Үзілмей қылжың,
Қақтығып, соқтығып ұрынған.
Үрпиген шашы,
Қошқардың басы,
Тамағын кенеп қырынған.
Қалтада қолы,
Қолданған жолы,
Сенделіп жүру, тұрақ жоқ.
«Мынау сорлы,
Бола ма орны?»
Дегенді естір құлақ жоқ.
«Жолдастар, тыңда,
Гәп бар мұнда»,–
Деп бастайды сөздерін.
Басы елде,
Аяғы селде,
Құр қомпайтып өздерін.
Ғылымға құмар,
Болмайды ұнар,
Қауыз сабан дәні жоқ.
Баспа сөзді,
Салмайды көзді,
Құр сауаттық мәні жоқ.
Жүптейді кегін,
Жоқтап кемін,
Мұқатпақ көздеп аларын.
Алса қойды,
Алмаса болды,
Тұтатпақ пәле фонарын.
Тамызып отын,
Даярлап сотын,
Қырмақ, жоймақ болады.
Күйдіріп неген,
Ойдағы деген,
Рәсуә қылу ұнады.
Неген көнді,
Дегені болды,
Өкпе үшін қияр өлімге.
Ұшыраса атқа,
Табы жатқа
Кем бе өлімнен тегінде?
Алыс-жақын,
Адам атын,
Әділдік қып қарамас.
Ашу, намыс,
Бітірген бар іс,
Обал-сауап санамас.
Қит етсе өкпе,
Наз қылар текке,
Қорқытып түйген қабағын.
«Қап, сені ме?
Көр мені де...»,
Ызғарын төккен қарағым.
Сондағысы не?
Айтпадың «іш, же...»,
Не болмаса бермедің.
«Мен міне – ұлық,
Айыбың толық,
Деп,– бәлем оны көрмедің.
Қылармын саған,
Болсам аман»,
Деп жеті ата ауызын.
Келсе науқан,
Етермін талқан,
Көрсетер сүйтіп қауызын.
Дәннен ырым,
Жоқ және білім,
Құр далиған шап та шап.
Не онда жоқ,
Не мұнда жоқ,
Заң жолы қалған, аш та жап.
Мұнымен ұйым,
Табылу қиын,
Заңда да, әм дінде де.
Айқын жолды,
Қаралап болды,
Көз салмай кемдік, мініне.
Мұнымен заң,
Орындалған,
Бола ма, қалқам, ойлашы?
Заңда да ұят,
Дінде де ұят,
Болмаса сонда қоймашы.
Шын ойласаң,
Мол толғасаң,
Бұдан ұят тіпті жоқ.
Адам атың,
Жоғалып затың,
«Жыртқыш» деудің жолы боп.
1931 ж., иүлдің 2-сі.





Пікір жазу