06.09.2022
129
МҰҢДЫДАН МҰҢДЫҒА
Сағындым, сәлем жаздым, ұсындым қол,
Иншаллаһ, қосылмақтан үмітім зор.
Зар шеккен мұң қолында тұтқындардың,
Бостандық табуына дұғада бол.
Шарық па, пәләк дей ме – біле алмаймын,
Әйтеуір сол арқалы құбылыс мол.
Ғасырдың жиырманшы мүшелінде,
Кездескен түрлі шатақ тараған жол.
Бірімен сіз кеткенсіз, бірімен – біз,
Білімсіз уақытында ылди мен өр.
Жалғыз жол тағдырдағы кездестірсе,
Ел тауып сүйінбей ме адасқан ер.
Жылы жел хабар берсе жақсы жаздан,
Күн көзі жылы тиіп мейірленер.
Жылы жел жақсы жазға қойса сұрақ,
«Бостандық – үкіметтің ұраны» дер.
Күн көзін мысалдадым билеушіге,
Билеуші кім екенін әркім білер.
Өбейін, қолың тұтып бармағыңнан,
Жан достым, алыстамай берірек кел.