06.09.2022
  82


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ЗАРЫ

Мен зарлы, бетім қара көркім бітіп,
Барады сағынышым жүректі ертіп.
Кейде қиял алдымда елестейді,
Қызығы әлгі жерлер қалған кетіп.
Дәмесі қызықтайтын елдің жерде,
Мен-дағы сағынамын үміт етіп.
Туысым боз торғайым, сар шыбығым,
Жүргендер бар шығар ғой жолын күтіп.
Қандасым аққұйрық та тырқ-тырқ етіп,
Жүрген шығар құбылып жалт-жұлт етіп.
Болмаса күнделікті күнге сенген,
Іш-тысы жыртқыш торғай бірдей кетіп.
Кейбіреуі шарасыз әдіс жасап,
Құтылу қамында жүр мол ой кетіп.
Қызғыш мінез кейбіреу көлді қорғап,
Жүрген шығар біздейдің жолын күтіп.
Бәрінің бұл сырынан хабар алмай,
Есалаң шермендемін қайғы жұтып.
Сол жерлердің торғайы қай, қайсысы
Болсада жүрегінен үміт етіп.
Жаралы, шерлі көңіл мұңын сайрап,
Ұшырған мұңмен қағаз желбеңдетіп.
Дөп тиіп жүрегіне сағынғанның,
Жіберер көзден жасын бір-бір шертіп.
Нақақ, неге күйгенім еске түсіп,
Жіберер қарындасым мұң тербетіп.
Қай көзбен мұңым көрет дегендей-ақ,
Аламын бос жер көрсем бір күңірентіп.
Сағынған тым құрыса сөзім көрсін,
Сандуғаш азайды ғой көбі кетіп.
Нені бұзар, не іске кесел болар,
Дегендей сәулелінің ойы жетіп.
Сандуғаш арман шетін солай сайрап,
Жалтақпен қонақта жүр үйтіп-бүйтіп.





Пікір жазу