06.09.2022
  109


Автор: Дихан Қамзабекұлы

КӨҢІЛІМ

Шіркін, көңілім, лепірдің,
Бір мезгілде шарқ ұрып.
Көк дөнен көңіл жүйрік пе,
Дегізіп өте талпынып.
Мөлшер жоқ, шек жоқ,
Болдырдың бәрін сарп ұрып.
Елде тең жоқ өзіңе,
Қоймақсың жұртты талық қылып.
Молдадай-ақ қыр асқан,
Білімің әлем жарық қылып.
Аузыңнан шыққан сөзіңді,
Қалдырмастай анық біліп.
Елірдің, кептің, семірдің,
Атыңды түгел халық біліп.
Басыңа қорлық келместей,
Көпті аузыңмен қарық қылып.
Сайрадың жалғыз өзіңдей,
Тіліңмен жұртты шалып іліп.
Шешпек болдың түйінін,
Табылса көптен жалпы ілік.
Ұйым қылмақ ойладың,
Бара жатса халық іріп.
Көп сөзіне бас сұқтың,
Өзіңде таудай мін тұрып.
Құр сөзге мәз көрмедің,
Ісіңе мойын бір бұрып.
Сөз бен ісің қайшы болып,
Басқаны сөктің мінді қылып.
Асау атша сай өрлеп,
Нәпсің жемей жұдырық.
Қағусыз малшы семірдің,
Ел кезіп, шат қыдырып.
Ал, көңілім, қазір не болдың?
Ісіңнен жеміс нені ордың?
Лапылдап жанып бір мезгіл,
Басылып, қысылып мол солдың.
Бұрынғы ой жоқ қажыдың,
Мұқалып жігер, қажырың.
Емін-еркін кең жүріс,
Жоғалып қолдан қазір күн.
Бұқтың қорқып кім көрсең,
Секемел жанға кез келсең.
Тыныштық кетіп өзіңнен,
Көмексіз боп шет жүрсең.
Сөз берсе демеу бір адам,
Досым деп жанға арналған.
Қуанып, мәз боп тынасың,
Біткендей ісің ойға алған.
Баяғы күн басқа орнап,
Аймақтап, шолып көз салған.
Аз да болса көңілді,
Оңалып әр іс қолға алған.
Өшкенің болып жанғандай
Жағаң жайлау жүлде алған.
Төбең қыстау кеңисің,
Босанып мойның зор тордан.
Ұмытасың қорлықты
Тұрмысың айдап қол салған.
Үрікпе, саспа деген жан,
Қамқор досың саналған.
Маңайлап соны жақтайсың,
Туыстай көріп арналған.
Жоғалтып іште шеріңді,
Көңілге демеу мол салған.
Дұшпаннан пәле келместей,
Қауіпті жолдар қаралған.
Жабысасың кетпейсің,
Бардай-ақ ақың алармын.
Зор медеу саған, көңілім,
Есептелер жаңарған.
Қашан көрсең суық сөз,
Сөйлеген саған бір адам.
Қастық емес айтуы,
Сақтық жолын қараған.
Соны ескертіп, ой бөліп,
Қауіп-қатер санаған.
Пәленшекең сенімсіз,
Дегендей пәле тараған.
Суық сөз сонда естісең,
Ұшады құтың қарадан.
Түйткіл кіріп алаңдап,
Кісі үзбейсің даладан.
Ішкенің – ірің, жегенің –
Желім боп, зәрең қалмаған.
Не ләззатты ас ішсең,
Бойыңа болмас тараған.
Сол жерден қашан кеткенше,
Жүрек қорқып баладан.
Дұшпан алдап сезед деп,
Көпшік қойып жаладан.
Ақ солықтай дән бітіп,
Іштен жегі қамаған.
Ішке сыймай шер, қасірет,
Бос жер жоқ жүрек жарадан.
1931 ж., ағұстың 30-ы.





Пікір жазу