06.09.2022
  79


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ҒАЖАП ТҰРМЫС

Ойлыда мол шерленген,
Тұрмысынан соққы жеп,
Басқарып бір жол тұра алмай.
«Жолсыз мынау жолды» деп,
Ойсыздар да зарлайды,
Мал сақтаудың қамын жеп.
Әр жан әрбір кебепте,
Жегі құрт жатыр іштен жеп.
Бір уайым сөйлемей,
Отырған жан таппайсың,
«Жанды қалай сақтайсың?»,
Деген сөзбен бәрі әлек.
Сондықтан тұрмыс ішті өртеп,
Күйдіріп, пісіріп жандырад.
Айналаң қазған бәрі де ор,
Жығылтып онда қалдырад,
«Аман құтылып қалар» деп.
Жөні жоқ оған нандырад,
Әуре-сарсаң бас болып,
Есіңнен көп ой тандырад.
Қайтып естен танбассың,
Табы жікпен тор құрад.
Біріне қазып бір орды,
Апарып қолдан салдырад.
Жан қияр өте дос-жарың,
Аттың басын бір бұрмай,
Таңдандырып қалдырад.
Бір сағат таса қылмайтын,
Көрісе алмай тұрмайтын,
Не туысың, не досың,
Суысып сенен айрылад.
Соны көріп қайран боп,
«Тірі жүрдім қайдан?» деп,
Тағдырға айып табылад.
Ілтифат қып қайрылмай,
Тұрмысына жағынад.
Қалдырылып, сағың сынса да,
Өліп өшіп құмартад,
Өмешең сенің құрыса да.
Елең қылып өзіңді,
Уақыт жоқ саған қайырылад.
Құмар шығар ол-дағы,
Ішінен тілеп, зар қылад.
Көріністе шет болып,
Сөлесуді ар қылад.
Таптың жолын қуаттап,
Қайта өзіңе тор құрад.
Қасыңнан да қас болып,
Зияныңа мол тұрад.
Осынын көрген мезгілде,
Бар айтарың «тағдыр» деп,
Жалғызға налып зар қылад.
Мұны көрген уақытта,
Ойлайды қөңлің мына ойды:
Әрине, тұрмыс зорлады,
Берді ғой, рас, ол бойды.
Шіркін-әй іштеп білдіріп,
Кетсейші достық шын ойды.
Сездіріп соны кетуге,
Қорқып қоям болды ма?
Өзінде сенім бола алмай,
Сондықтан сену қойды ма?
Қайда кеткен жүректік?
Қорқақтық билеп бойды да,
Не болмаса өте ойды да.
Не болмаса өте ергіш,
Жетекшіл түйе болды ма?
Жетекшіден бас бұрмас,
Биттей бөлініп іс қылмас,
Өлген жандай ерік жоқ,
Жуушының қолында.
«Сізді көрсем, әкем еске түседі,
Сол себепті махаббат желі еседі»,
Дейтін сөзі ертеректе болса да,
Дей алмады сәлем қағаз осы еді.
(«Шешуі Кәрімге»)
1931 ж., иүлдің 7-сі.





Пікір жазу