06.09.2022
  95


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ҚАЗАҒЫМ

Қазағым, таянды ғой қылта мойын,
Жер, мал кетіп, бос қалды біздің қойын.
Қарашы өзіңе-өзің көз жүгіртіп,
Жаратпас бұдан былай күлкі-ойын.
Жетті енді қам жер мезгіл, жатпа бекер,
Ойламай келешекті түпке жетер.
Надандық қоршап алған тұс-тұс жақтан
Жан қорқып, дене тітіреп, есің кетер.
Тасталық болыстыққа таласуды,
Таласып жаман көзбен қарасуды.
Мың-мыңның төгілуі жетер енді,
Ізделік аққан бұлақ – қара суды.
Бар жерді күннен-күнге алып жатыр,
Біреулер алып қала салып жатыр.
Қырылысып өзді-өзімен қазақ сорлы,
Жерінен аузын ашып қалып жатыр,
Кел, қазақ, қолдағыдан құр қалмайық,
Отырайық жиылып, оңдалайық.
Мың жылғы өткен қуам де пата заңды,
Өнерден кеш қалармыз, ойланайық.
Жер қалар, біз жиылып қала салсақ,
Қайдағы оңды жерді таңдап алсақ,
«Ауыл болсаң, қоғам бол» – деген сөзбен
Бұлтармай ертеңді-кеш жүріп барсақ.
Сол шақта көп түкіріп көл де болар,
Көлде толқын айдаушы жел де болар,
Мектеп, медреселер көп салынып,
Ағайын тату-тәтті ел де болар.
Жиылмай, өнерге аяқ баса алмаспыз,
Нық сіңген надандықтан қаша алмаспыз.
«Заман түлкі болғанда, тазы болмай»,
Биік қырдан алдағы аса алмаспыз!





Пікір жазу