06.09.2022
  77


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ҚАРА СӨЗ ӨЛЕҢ БОЛМАС ТАПҚАНМЕНЕН

Қара сөз өлең болмас тапқанменен,
Тірлікте ізденеміз мақтанменен.
Дүниеде пасық ғамал сол сияқты,
Шойынға күміс тұрмас жапқанменен.
Нақ иіліп сынбақ жоқ ойлағанға,
Аққа пәле жұқпайды жапқанменен.
Қинама орынсызға бекер жанды,
Бай болмас жұқпаса мал тапқанменен.
Астына торғын көрпе, құстөсек сал,
Ауруға рахат болмас жатқанменен.
Тағынып үзеңгісін алты қабат,
Жарлылар бай бола ма мақтанменен?
Шешен болсаң сөйлетпей ел қоя ма,
Көрінбей үйде бұғып жатқанменен.
Талпынып топтан озбақ оңай емес,
Жүйрікке адым керек шапқанменен.
Әзелден жарлы қылып жазып қойса,
Байымас күндіз-түні мал тапқанменен.
Жәбірді өзің көр де, кісіге айтпа,
Кек алар ер туған жоқ шаққанменен.
Сыр білмейтін жерлерде бос зырқырап,
Жаман жақсы болмас шатқанменен.
Қандай түзу мылтықпен жақын жерден,
Ажалсызға оқ тимес атқанменен.
Төбет түлкі ала алмас, тазы болып,
Мойнына күміс қарғы таққанменен.
Елде бастас, түзде оттас бола көрме,
Халыққа абұйыры қашқанменен.
Дүниеден екі бірдей опа көрмес,
Арамға дінмен көңіл сатқанменен,
Атсыз, ассыз, киімсіз жарлы байғұс,
Өлген жоқ қарындары ашқанменен.
Азғырып қисық жолға жетелейді,
Сөз ұғар ауыр болмақ татқанменен.
Байды ұры, ғалымды шайтан торып,
Ғапыл болмай жүріңдер сатқанменен.





Пікір жазу