06.09.2022
  112


Автор: Дихан Қамзабекұлы

МЕН БІР АҢҚАУ ПЕНДЕМІН

Мен бір аңқау пендемін,
Қартайғанша сынбаған.
Иә, бір жалқау молдамын,
Біліп тағат қылмаған.
Жолым тайғақ, тар асу,
Көңілім – батпақ қара су,
Қой тоғытып, тұнбаған.
Көпті көрген көнемін,
Көргеніме сенемін,
Тәжірибе шыңдаған.
Өзімді алма, сөзімді ал,
Құрып кеткен тезімді ал,
Азаматтар, тыңдаған!
Інжіл, Құран оқыдым,
Көңіліме өнер тоқыдым.
Жолы мынау шындаған:
Өтірік, ұрлық, зынадан,
Ғайбат, шағым, күнәдан.
Жаман екен тынбаған.
Жақсылық істе адамға,
Жақсы жол көрсет наданға,
Тағаттан артық бұл маған.
Жәбір қылма еш жанға,
Барша мақұлық хайуанға,
Десеңіз, жұртым, біл маған.
Адал кәсіп шаруа қыл,
Ысырап істі – арам біл.
Бай болып сараң болмасаң,
Бек болып арам болмасаң,
Тәңірге болдың таза құл.
«Қауіп» деген бір жол бар


Қасынан өт қабақтап.
«Үміт» деген бір жол бар,
Ұмытпай түс сабақтап!
Кісі асына сұғынба,
Алдыңа қойса табақтап.
«Қанағат» деген көл қатса,
Үстінен өт шабақтап!
Іренжітпе көршінді,
Мақұл деме терісіңді,
Ірісініп алақтап!
Көрінгенге көз сатпа,
Нашарларды жылатпа,
Алдап, арбап қарақтап!
Қасқырдай ел торыма,
Күндіз-түні салақтап,
Адамдыққа сыймайды
Жараламақ, қанатпақ.
Өңешіңді ойламай,
Халқыңмен бол қабақтап.
Өз арыңды аулама,
Жазасыз жанды жаулама,
Аш тазыдай жалақтап!
Адам ұлын құрмет қыл,
Жұртыңа түзу қызмет қыл!
Қатарыңнан озасың
Бәйге атындай адақтап!
Адал ұлға ұлы еңбек
Сый тартады мадақтап!





Пікір жазу