ӘУЕЛІ ТУДЫҚ БАЛА БОП
Әуелі тудық бала боп,
Көңілің жүрді дала боп.
Ақыл менен екеуі,
Үйлесе алмай ала боп.
Бестен онға келгенде –
Қозы болдық лақпенен,
Бірде көзбен көргенді
Бірде естіп құлақпен.
Анаңыздың несі кем?
Айдын шалқар бұлақтан.
Атаңыздың несі кем?
Көлде сая құрақтан.
Он бес жасқа келгенде –
Жүйрік болдық сынаптан.
Дәл жиырма бес жасыңда
Кірдің қайрат ашуға.
Көріктіге көз салдың
Көнілдің дәтін басуға.
Салдың құрық асауға,
Қызықты ғұмыр жасауға.
Қарсы келген заманды
Қайратпенен қашауға.
Өнер тапқан бозбала,
Жалпақ басар жалғанды,
Тарқатар аз күн арманды.
Отыз келер ой тартып,
Үят пенен екеуі,
Бұрынғыдан бой тартып,
Анау кеткен көңілді
Алар бері қайтартып.
Ақыл, ұят, әдеппен,
Үшеуіне бой тартып.
Отыз айтар тағы да
«Арамдыққа барма» деп,
Жатып алып байқамай,
Ұмтыл базар тарқамай.
Мынау қызық өмірді,
Бекер ұстап қалма деп,
Одан кейін тағы да
Қырық келер қырындап,
Қиын еді, апырым-ау!
Оның өзі бұрыннан.
«Шындығыңды бер» дейді,
Ішкі ойлаған сырыңнан.
Бүйтіп жүрме кірменен,
Жол тап дейді пірменен.
Қапыда өтіп кетесің,
Қайран да мынау түрменен.
Қырық елуге тақалды-ау,
Көрдің бе деп ұрсады,
Аузыңдағы сақалды-ау.
Ере берсең көңілге,
Қайда өзіңді апарды-ау.
«Ердің жасы – екі елу»,
Деген ойла мақалды-ау.
Тірі болсаң қой дейді,
Бұрынғы шауып-желгенді.
Елу деген орта жас,
Кәрілік келер тайталас.
Келе жатсаң тағы да,
Алпыс жатыр алдыңда.
Өзім сырын білмеймін,
Сендер оған бардың ба?
Көлденеңдеп күніне,
Көрсете алмай қызығын
Құдай қосқан жардың да.
Шығып бір келдім белге енді,
Береке ойлап елге енді.
Қырмызыдай жылтылдап,
Қылаң тартар қара шаш.
Көрмесем де, көрсем де,
Алпыс, саған қарным аш,
Алпыс айтар тағы да
«Жетпіс менің ағам» деп.
Мен де оңай ма саған деп.
Тура тартып жете алмай,
Үйімді өзім табам деп.
Егер келсең жетпіске,
Азынап тұрған үйі бар.
Әр жеріңнен үстайтын,
Көрмесең де күйі бар.
Онан өтсең барасың сексенге,
Ат шалдырып барып жатасың тепсеңде.
Шықпайды егін ексең де,
Қос-қолаңды жексең де.
Тоқсан деген бабаң бар,
Барып, бармай немене?
Әйтеуір бір заман бар.
Одан әрі өтпек жоқ,
Жазуына не амал бар?
Әзелдегі Алланың.
Қара сақал ағарды,
Қайран көңіл қамалды.
Қажып тұрған қайратқа
Қайғы келіп жамалды.
Көзім кетті бұлдырап,
Құмарым өтті құлдырап.
Құр қызыл тіл, қайтесің,
Жалғыз өзің сылдырап.