06.09.2022
  62


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ЖАН МЕНЕН ДЕНЕ ҺӘМ КӨҢІЛ

Басында жан мен дене екi басқа,
Жан шыдап тұра алмайды қозғалмасқа.
Дене сауыт сықылды жанның орны,
Оған да күту керек бұзылмасқа.
Ал ендi сипатталық көңiлдi бiз,
Ескерiп бұл сөзiмдi жақсы ұғыңыз.
Жан мен дене – қосылған ерлi-қатын‚
Екеуiнен туады көңiлiмiз.
Табиғат бiрде былай, бiрде олай,
Кетерi мәлiм емес әлдеқалай.
Әкесi жан, шешесi дене болып,
Көңiлiмiз сол себептен екiталай.
Кейде жақсыны iздеймiз, кейде жаман,
Көңiл неге қызықса – соған таман.
Дене жеңсе, түпсiзге қызығамыз,
Жан билесе, жаманнан қалмақ аман.
Фәни дене бояуға-ақ мақтанады,
Жан тозбайды‚ сол үшiн сақтанады.
Өлмес жанға өзгермес орын керек,
Сондай iске ұмтылсақ, шаттанады.
Жан құмары – iстемек, бiлiп алмақ,
Бөгет бола бередi дене, салмақ.
Асыл iздеп асылды аласұрар,
Амал бар ма, денесiз қайда бармақ?
Жан талпынар талайды көрмек үшiн,
Әр сырын дүниенiң бiлмек үшiн.
Дене байғұс салмақ боп баса берер,
Жаралған ғой түбiнде өлмек үшiн.
Балалар жас күнiнде тым елгезек,
Әрнемеге жүгiрiп қағар дедек.
Ол кезiңде жан күштi‚ дене нашар,
Осыдан-ақ сөзiмдi ұқсаң керек.
Көңiл әзiр дененi қуандырмақ,
Өзi де қызық көрiп жүре тұрмақ.
Жан жұмысы жай ғой деп елемейдi,
Кезi келген уақытта мойын бұрмақ.
Сүйте-сүйте денеге әбден тартып‚
Мақтан күйлеп кетедi одан да артық.
Жан керегiн ойлауға жалқауланып,
Ала алмайды өз бойын өзi қайтып?
Мақтан үшiн жан қалса ескерусiз,
Дұрыс-ақ қой дейсiз бе осынымыз?
Iздегенiн таба алмай кетсе зарлап,
Жанның орны не болды, байқадыңыз.
Дене менен жан – анау, көңiл – мынау,
Қайсысына билеттiң байғұсым-ау?
Ең түбiнде өзiң – кiм, сенiкi – кiм,
Досың қайсы, өзiңе қайсысы жау?
Анық қара: жан – өзiң, дене – киiм,
Мақтан, бояу – денеге берген сыйың.
Жанға мұндай алдауың азық емес,
Оған пайда не қылдың жалғыз тиын?
Сауық-қызық көрем деп күнде жиын‚
Жан құтқарып алуың болар қиын.
Түптiге ұмтыл, тұрақты iстердi қыл,
Тәуекел деп өзiңе сүйтiп сыйын.
Бiз семiрттiк дененi азықпенен,
Байлап бердiк жанды оған қазықпенен.
Ұйқы, тамақ күйлеген сорлы дене
Құтылар ма осындай жазықпенен.
Жалқау тiрi болғанмен өлгенге есеп,
Бiлiмнiң кеселi жоқ мұнан кесек.
Бiлiмсiз, әрекетсiз ерiншектi,
Күнәкәр де болмаспыз, өлi десек.
Пайдасыз құмарлық та, мақтан-дағы,
Ерте бойға жолатпа сақтан-дағы.
Yйiр қылып алған соң құтылу жоқ,
Бейне түлкi боласың қақпандағы.
Ашу жеңсе, адамда ақыл қалмас,
Ой ойланып, орынды iс қыла алмас.
Болмай соған бойыңды тоқтатып ал,
Ыза менен мастықтың түбi жалғас.
Сыртын түзеп кейбiреу аласұрды,
Киiмiне мақтанған бала сынды.
Ат болсын, киiм болсын, мiнез болсын,
Құба төбел iстi қыл жарасымды.
Құба төбел дегендi ұқсаң керек,
Орынсызды iстеме, болсаң зерек.
Мүйiзi бар кiсiдей едiрейiп,
Өзге жаннан болмасын түрiң бөлек.





Пікір жазу