06.09.2022
  104


Автор: Дихан Қамзабекұлы

АДАМ НЕМЕНЕ?

Бiлiмдiлер сөз жазып, зарлағанда,
Ой кезiп, жердiң жүзiн шарлағанда,
Алдаусыз адам өмiрiн түзетерлiк
Әдiлет, ынсап, мейiрiм бар ма адамда?
Әйтпесе мәз боп жүр ме қиянатқа,
Зорлықпен бiрiн-бiрi жалмағанға.
Мен адамнан таза ақыл таба алмадым,
Ойланып, өзеленiп, қармағанда.
Көрсеқызар, жалмауыз, бәрi алдағыш,
Көп адамның қылығын барлағанда.
Өнерпаз, бiлiмдi елдiң мiнезi осы –
Аяу, жәрдем, махаббат қалмаған ба?
Немесе бұлар бұрын жоқ болса да,
Әншейiн бар деп бiздi алдаған ба?
Көрiнер ғылымды елдiң сырты таза,
Тексерiп терең ойға салмағанда.
Ақымақ пен айуанның иiсi аңқиды,
Iстерiн әбден сынап талдағанда.
Кей-кейде: «Түзелейiк, кел»,– деседi,
Кешiкпей соғыс ашып, белдеседi.
Айласы артық, қаруы сайы жеңiп,
Мақтанып: «Бар ма бiздей ел?» – деседi.
Тамам жан өзiн-өзi «мен» деседi,
Өзгелердi жатырқап «сен» деседi.
«Бiз» дейтұғын бiр елдi таба алмайсың,
Бұл қайтiп әдiлетпен теңдеседi?
Ойласаң, барша адамзат – туған бауыр,
Бiрiн-бiрi шұқылап қылды жауыр.
Балалық, айуандықтан шыққан ел жоқ,
Бұл сөзiм талай жанға тисе де ауыр,
Еуропа бiлiмдi жұрт осы күнде,
Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде.
Терең ойлап сөзiмнiң түбiн бiл де,
Iштен жыла, шырағым, сыртпен күл де.
Сол естi елде киiм бар мода деген‚
Керегiне лайықтап киiнбеген.
Жас балаша қызығып сәкәкүлге
Масқара боп жүргенiн бiр бiлмеген.
Шебелет қалпақ, тар шалбар, қысқа сертек,
Киiп алып, қылтиып қағар селтек.
Ұнай ма ыстық, суық қозғалысқа‚
Ойланбай, болғаны несi мұнша тентек?
Әйелдерi – қуыршақ үлбiреген,
Жалбыр шашақ, сәкәкүл талай неген.
Кеңiрдегiн сорайтып, кеудесi ашық,
Осы емес пе орынсыз сәнқой деген.
Ойлашы, осы ақылға жараса ма,
Емес пе ержетпеген бала-шаға?
Не денеге, не жанға жайлы емес қой,
Осыған да дау айтып таласа ма?
Лайықты киiм жоқ па бұдан басқа,
Керексiз кербезденiп бос шатаспа.
Ақылды киiм бермес, ғылым берер,
Ғылымын ал, өнерiн ал, мұны таста!
Бақ-дәулеттi мол бердi жаратылыс,
Пайдаланып, қылсаңшы жақсы жұмыс.
Табиғаттың таусылмас қасиетiн
Жұрттың жұмсап жүргенi – ақылсыз iс.
Қайда кеттi жаралыс берген байлық,
Ұстанғалы әскер мен қару сайлық?
Жаны ашымай әлсiздi аңша қырып,
Мейiрiмсiз, озбырлығы осындайлық.
Мұнысы айуаннан қалай дейсiң,
Бiр жаңа өнер шықса «пәлi-ай» дейсiң.
Ол өнермен өзгенi құлданып ап,
Аямай өз бауырыңды қалай жейсiң?
Күн көре алмай жақының жатыр өлiп,
Шiмiркенбей жемтiгiн жейсiң бөлiп.
«Ғылым деген бұл болса, адыра қалсын» –
Демеске бара жатыр iшiм толып.
Қанеки, ақ жүрекке қайсың жеттiң?
Жеттiм деп тамам жанды тентiреттiң.
Жиырмасыншы ғасырдың адамынан
Анық таза бiр елдi көрмей өттiм.
«Мен – ақ жүрек» деген сөз босқа шығын,
Қару, күшпен көрсетiп қасқырлығын.
Мылтық билеп тұрғанда әдiлет жоқ,
Алдамай-ақ аулақ өл, жарықтығым.
Қару, әскер тастаудың жөнi келмес,
Неге десең, бiрiне-бiрi сенбес.
Тамам адам перiште болмай тұрып,
«Ал, түзелшi» дегенге ешкiм көнбес.
Айла, күш – айуандықтың ең жаманы,
Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес.
Ар түзейтiн бiр ғылым табылмаса,
Зұлымдықты жалғанда әдiл жеңбес.
Құр айтқанмен қолынан түк келмейдi,
Ақ жүректi таза адам болса кем-кес.
Қас түзеймiн деп жүрiп көз шығарып,
«Қалмақ ойын» ойнаумен ештеме өнбес.
Жас баланы ұрғанмен шырылдатып,
Ойы толмай тұрғанда ақылы енбес.
Араны ашық жалмауыз, арсыз төбет,
Аулақта жемтiк жеуден жиiркенбес.
Адамның сыртқы дене жаралысы,
Нәпсiсi айуанмен анық теңдес,
Бөлектiгi – жалғыз-ақ таза ақылда,
Әлiң келсе, жол тап та осыны емдес!





Пікір жазу