05.09.2022
  77


Автор: Жандарбек Жұман

Ұғыну

Кімдер біздің сап қояр сөзімізге от,
Тамшыларға таланар көзіміз кеп.
Бірімізді-біріміз шын сүйсек те,
Кешірім сұрайтұғын кезіміз көп.

Махаббаттың мұңдарын жүрек ішкен,
Тілеуіңді жүремін тілеп іштен,
Ер жігіттер жасырар еркелікті,
Оны тек сезе аласын-(і)реніштен...

Өзегіміз қалмасын өртеніп тек,
...Саған берген серіңнің серті өліп пе ед?
Егер сені ашумен ұрсып алсам,
Оны,жаным,түсінгін еркелік деп.

Машақатын сезімнің тартып келем,
(Десе де жуыспын-ау,тәртіпке ерем.)
Түсінбестік болса да талай,күнім,
Бәрібір сені өзгеден артық көрем!

Өлең үздім ерекше күйден бүгін,
Оны ашылып айтуға именді кім?
Қызғанып жатсам егер айып етпе,
Бұл ісім-сені қатты сүйгендігім!

...Ол менің, ал мен оның-жалғызымын,
Махаббат-біз білетін жалғыз ұғым.
Саған деген сезімді сөндіру бұл-
мына өмірдің сезінбеу бар қызығын.





Пікір жазу