04.09.2022
  102


Автор: Жандарбек Жұман

Сиқырлы күш....

Сиқырлы күш тұрғанда салып айбын,
Сезінгенмін сезімді...
Налымаймын!
Ең бірінші айтатын өтірігім-
мен сені,жұмбақ ару,ТАНЫМАЙМЫН!

Дәл осындай шешімге тұрақтадым,
Жауап таппай келемін сұраққа мың.
Ал,екінші айтатын өтірігім-
мен сені бір көргеннен ҰНАТПАДЫМ!

Сыр ұққайсың өзіңді елесе ерің,
Жан емес ем өмірде кем есебі.
Үшінші өтірікті ашып айтсам,
МІНЕЗІҢЕ КӨРКІҢ САЙ ЕМЕС еді...

Десек те көздеріңде тұнып-ты арың,
Көңіліңде білемін күдік барын.
Төртінші өтірікті түгендесем:
ТАЛ БОЙЫҢНАН ТАБЫЛМАС ҚЫЛЫҚТАРЫҢ.

Айтар болсам ойымның түзіп бәрін,
Айдынында жүректің жүзіпті әнің.
Дегенменен ренжіме,бойжеткен қыз,
МЕН СЕНІҢ СЕЗІМІҢЕ ҚЫЗЫҚПАДЫМ!

Тарту етті түрлі өлең таңым маған,
(Жүре берші,жақсы қыз,жанымда аман)
...Өзіңді о,бастан-ақ СҮЙМЕГЕН СОҢ,
ҚЫЗҒАНБАЙМЫН!
Аңсап та, САҒЫНБАҒАМ!

Сендік сезім болса да қардан ақ тым,
Жүрегімді жаралы жардан аттым.
Талай жырлар жазғанмен сезім жайлы,
БІРЕУІН ДЕ ӨЗІҢЕ АРНАМАППЫН!





Пікір жазу