03.09.2022
  187


Автор: Дихан Қамзабекұлы

Береке туралы

Оңалар істің басына,
Жақсы келер қасына.
Әділ бидің елін дау араламайды,
Әділ патшаның елін жау араламайды.
Бөрі қартайса да бір қойлық әлі болады.
Батырдан – сауға, мергеннен – сыралғы.
Ерді көрсең, қыдыр тұт,
Асты көрсең, қадыр тұт.
Аққа қара жоқ,
Қараға шара жоқ.
Асыққан жетпес,
Бұйырған кетпес.
Бірдікі – мыңға.
Көрген жер – бостан,
Көрмеген жер – көрстан.
Тіс сынса, ауыз ішінде,
Қол сынса, жең ішінде.
Құлағы жоқ – шұнақ,
Құйрығы жоқ – шолақ.
Ханын қалмақ жаулаған,
Сөйткен қалмақ оңбаған.
Жақсы кезеңге таласады,
Жаман отыратын орнынан адасады.
Аталы сөзге арсыз таласады.
Би-екеме жүн түтсем де жақпадым.
Құдайсыз нұр тұрмайды,
Патшасыз ел тұрмайды.
Мұртым аман болсын,
Жұртым да аман болсын.
Жазуға сеніп, жаңылшақ.
Ат – арыстан, нұр – пейіштен.
Жақының аттан жығылғаны да жақсы.
Дұшпан аттан қорқады,
Шайтан оттан қорқады.
Алланың шайтанынан адамның шайтаны күшті.
Ажалдан қашсаң, аяғыңнан алады,
Бейнеттен қашсаң, жағаңнан алады.
Жуан қоныш, делегей етік.
Оңбаған ханды төлеңгіті билейді,
Қараң қалған елді қатын билейді.
Иесіз елді батыр шаппайды, қатын шабады.
Өзі тоймағанның сарқытын ішпе.
Боқ жисаң, палау жегеннің боғын жи.
Өзі боқ жегеннің боғын жеме.
Ақымақтың тізгіні – құлағында,
Ақылдының тізгіні – кеудесінде.
Пайғамбардың үмбеті көп жиылмайды,
Көп жиылса, тек жиылмайды.
Білгенге – жыр, білмегенге – дүр.
Көйлек кірі жуса кетеді,
Көңіл кірі айтса кетеді.
Сүйек кірі қайтсе кетеді?
Үйдегі парызды базардағы нарық бұзады.
Пенденің дегені болмайды,
Алланың дегені болады.
Жалақ болмай, бай болмайды,
Салақ болмай, батыр болмайды.
Сексен тонның қадірін,
Сексендегі қарт біледі.
Сары атанның қадірін,
Ел қыдырған сарт біледі.
Ер жігіттің қадірін,
Ағайын білмей жат біледі.
Кімнің жақсы-жаманын,
Жаратушы Хақ біледі.
Берсең аларсың,
Ексең, орасың.
Еңбегі аздың өнбегі аз.
Ұстаның бізі сүйкімді,
Жақсының сөзі сүйкімді.
Ұстаның өрісі – көрігінен төсіне дейін.
Алтын менен күмісті
Зергер үшін жаратқан.
Арқар менен құлжаны
Мерген үшін жаратқан.
Шебердің инесі де алтын,
Соққан күймесі де алтын.
Шеберді саусағы асырайды.





Пікір жазу