03.09.2022
  130


Автор: Дихан Қамзабекұлы

МЫЛТЫҚ ПЕН МЕРГЕНШІЛІК

Мылтығың түзу болсын өзі сырлы,
Сүйенді оғы болсын алты қырлы.
Қолында қызыл темір қалың ауыз,
Алысы мен талғамас жақын жерді.
Аузы тар ішкі қыры болсын терең,
Аң қашпайтын қанды ауыз өзі берен.
Артық салған дәріңді көпсінбейтін,
Үстіне серіппесін жақын жерден,
Темірі бір қалыпты болса ала,
Ауыр жеңіл болмасын орта ғана.
Көрінгенді алғандай көңіл шат боп,
Мойныңа салып шыққан сахараға,
Мылтығы шаңқ еткенде жерді жарып,
Көздеген дөп жеріне тисе барып.
Асығып жан-жағына қарап мерген,
Мақтанып бауыздайды қоразданып.
Қанын сүртпей пышағын қынға салып,
Жаны шықпай тірсегін тесе салып.
Ат пен тұмақ өзектің ар жағында,
Сүйретіп оған барар бір дем алып.
Абыр-сабыр жанына тез байланып,
Мұны біреу алар деп көріп қалып.
Тағы да аң көрінсе атайын деп,
Атына ол мінеді даярланып.
Оқшантай жоқ, құты жоқ баяғыдай,
Бақалшыдай мойнына қоржын салып.
Ол кезде жатқан аңнан қатты қорқар,
Өлтіретін жауындай басын алып.
Аяғын байқай басқан соза жүріп,
Тым ұялшақ болады сонда тұрып.
Маңдайынан қарайды жылмырайып,
Қай жерден атамын деп ой ойланып.
Асығыс алабұртып қарағанда,
Жатқан аң екі болар сағымданып.
Сіңбіретін дәрмен жоқ ол бір тар жер,
Мұрны бітіп тұрса да қабаттанып.
Биссмилла аллаһуакпар деп айтады,
Көңіліне салса Тәңірім мұны салып.
Оқудан соңғы өнер мылтық деген,
Халайық құлақ қойсын тілге нанып.
Жері бар парызға да қосылатын,
Жан қару дұшпаннан жүрсең алып,
Атпағандар түсінбейді айтқанменен,
Көңіліне мергендердің бәрі де анық.
Ақансері Қорамсаұлынан
10.02.1937 ж.





Пікір жазу