03.09.2022
  98


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ЖАЗ

Сәуірде көтерілер рахмет туы,
Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы.
Көктен жаңбыр таулардан сулар ағып,
Жайылар жер жүзіне қардың суы.
Ұшпақтың бір сәулесі жерге түсіп,
Өсірер жерден шөпті нұрдың буы.
Жақындар Құдайымның көктен күні,
Тең болар жарлықпенен күн мен түні.
Аспаннан рахым менен күн күлгенде,
Қуанып қыбырлайды жердің жүзі.
Ұйқыдан көзін ашқан жас балаша,
Жайқалып күле шығар белдің гүлі.
Шапақтан бұлт шығар тұманданып,
Жаңбырлы күндер түсер мұнарланып.
Адамзат нұр ауасын судай жұтар,
Шөл тартқан айуандарша құмарланып.
Жетпеген үлкендікке жас балалар,
Жүгіріп ойдан қырға жұмарланып.
Сәуірдің әрбір күні дертке дәрмен,
Құдайым дәрмен бол деп етер пәрмен.
Бір малы шаруаның екеу болып,
Қыстаудан ел шығады алуан-алуан.
Күлісіп құшақтасып әзіл етер,
Әйелдер көш жөнелтіп кейін қалған.
Жүгіріп киік, құлан тау мен қырда,
Қуанып ықыласпен келген жылға.
Алыстан мұнарсыған сағымдары,
Шақырып тұрар күліп кел деп мұнда.
Көл бұзылып көк шығып қойнын ашса,
Қаңқылдап қонар оған қаз бен тырна.
Адамзат сайран етер көңілі жай,
Секіріп ойын салар құлын мен тай.
Қой маңырап, сиыр мөңіреп шат болады,
Тасиды күркіресіп өзен мен сай.
Аяғын алшаң басып түйе шығар,
Жаратқан мұнша таңсық жаппар Құдай.
Кеш болса күн қонады таудан асып,
Шапаққа қызыл алтын нұрын шашып.
Аһ ұрып шүкірлікпен құшақтасар,
Рахат пен көш алдында талай асық.
Боз үйден таң алдында күйеу шықса,
Артынан қарар жары жүзін басып.
Құдайға шүкір етер жас пен кәрі.
Берсін деп жанға рахат мұндай дәрі.
Адамзат, жан-жануар, құрт-құмырысқа,
Ризалық бір Құдайға аса разы.
Қырда орман, жер жүзінде бәйшешектер,
Шуылдап шүкір етер мұның бәрі.
Алтынсарыұлы Ыбырайдан
10.01.1937 ж.





Пікір жазу