ЕСТЕН ҚАЛМАС
Естен қалмас асыл ата батасы,
Ықыласпен берсе болмас қатасы.
Адам басы жел айдаған бір қаңбақ,
Табиғаттан ризық іздеп татасы.
Жатар жерің ақырында тар қабір,
Мөлшерінде ризық бітіп жатасы.
Табиғатқа бағынуда көп мән бар,
Қарастырсаң толып жатыр шатасы.
Естен қалмас нахақ болса қылмысты,
Үлгі қалмай қисайғанда бір істі.
Адал пікір ойға салсаң ойланып,
Сонда өзіңе өз пікірің дұрысты.
Таза болса сауатында жүрегің,
Сенен болмас еш бір пәнде рысты,
Шайпау едім, салақ едім білімге,
Әкем бір кеп бата беріп ұрыс-ты.
Естен қалмас жанған отқа күйгенім,
Тандырында селкілдедім, биледім.
Ұмытылмас көрген мисал түсімде,
Қолыма алдым от ішінде тигенін.
Ұмытылмас қараңғы күн көрген таң,
Көз алдымда елестеген неткен жан.
Табиғаттың тартысына көз салып,
Ұмытпастан белгісіне мен аң-таң.
Ұмытылмас наданшылық сөздері,
Көрмеген соң кінәлі емес көздері.
Өзі ғалым, өзі диқан білімпаз,
Бірі де жоқ кемістігін сезгені.
Ерте кетіп, кеш келеді әдет қып,
Бар кәсібі ел арасын кезгені,
Естен қалмас асыл ата батасы,
Ықыласпен берсе болмас қатесі,
Адам бас жел айдаған бір қаңбақ,
Табиғатпен риздық іздеп татасы.