03.09.2022
  185


Автор: Дихан Қамзабекұлы

СҰЛУЛЫҚ

Тақырды шешкен тереңнен,
Зерделі көзді қой сұлу,
Табиғат әдісін үйренген,
Сыпайы сырдаң бой сұлу.
Семіздікті көтерген,
Бәрінен де қой сұлу,
Бұғып шықпай үйренген,
Көзге түспес кей сұлу.
Сыр алдырмай сөйдеген,
Менен дағы сен сұлу.
Түгел әлем жиренген,
Атағы зор пір сұлу,
Жарық асқан әлемнен,
Батқанынша күн сұлу,
Сөйлеспейтін адаммен,
Қараңғы жым-жырт түн сұлу,
Ақымақпен сөйлескен,
Бірдей шыққан үн сұлу.
Ақ-қараны айырған,
Тура шыққан шын сұлу.
Қатасын айтып қайырған,
Тура айтқан сын сұлу.
Толқынсыз көлде жайылған,
Мөлдіреген су сұлу.
Тас бола алмас жиылған,
Жайылып жатқан құм сұлу.
Жұлдызды бірге қосар ем,
Жымыңдаған тым сұлу.
Дүбірі шығып тұлпардай,
Бәйгеден келген ат сұлу.
Қаламы жүйрік кез болса,
Сыпайы сызған хат сұлу.
Қадыр құрмет қылмаса,
Өзіңнен де жан сұлу.
Техникамен табылған,
Өндірістен шыққан зат сұлу.
Қайғырмасаң қамығып,
Мәңгілік болса шат сұлу.
Ұнамсыз болсаң бытырап,
Орын-орныңа қайт, сұлу.
Нәтижесіз болмасын,
Бар шыныңды айт, сұлу.
Ұнамсыз жерің көп болса,
Енді қолың тарт, сұлу.
Қараңғыны жарық қылған,
Түнде туған ай сұлу.
Малын да мүлкін сарып қылған,
Ортаға салған бай сұлу.
Борыш-қарышың болмаса,
Қою ішкен шай сұлу.
Орнықты тынған көңілде,
Мекен тұтқан жай сұлу.
Жемесең де көңіл тоқ,
Тұнық тұнған май сұлу.
Бірлік қылсаң, тірлік бар,
Мұнан асар қай сұлу.
Жұманұлы Әбілда
20.04.1933 ж.





Пікір жазу