03.09.2022
  124


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ӨКІНДІМ

Жас өмірім босқа кетіп өкіндім,
Наданшылық симай кірмей кекірдім.
Жас қайратым дене кернеп толған соң,
Надандықтың тоқтығынан секірдім.
Өзіме-өзім бірқыдыру адам боп,
Адамшылық бойға симай лепірдім.
«Осы жігіт – тәуір жігіт» дегенге,
Ішпей, жемей көңілім тоқ есірдім.
Қарқылдатып топты алдаған қарғадай,
Келешекте байқамаппын кесірдің,
Ел иесіз, жүк түйесіз қалыпты,
Маңдайынан сипамаппын жесірдің,
Түгел саңырау, түгел соқыр болыппыз,
Ат болдырып еске түсіп отырмын,
Соңына еріп қарасында жүрмедім,
Парқын білмей жүйрік пенен тобырдың,
Маңдайыма тас тигендей бөгеліп,
Меңіреу, мұңдық, мүгедек боп отырмын.
Қора да бос қойды алдырып қасқырға,
Енді келіп тығырыққа бекіндім.
Өнер, білім мәдениетке айналмай,
Жас өмірім босқа кетіп өкіндім.
Айбаттан
15.03.1933 ж





Пікір жазу