03.09.2022
  101


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ҚҰМАРЛЫҚ

Бұл күнде елге болды ойын-сауық,
Айналды үлкен-кіші ебін тауып.
Құмар боп лата менен қарт ойынға,
Жиылар күліп енсе қардай жауып.
Ақылға кейінгі жас көнбей кетті,
Қит етсе беттен алар иттей қауып.
Кәсіпті күндіз істеп кеш қайтады,
Ұтқызар алаң жерде ебін тауып.
Бұрынғы қазақылық артық екен,
Өсірген төл өсімін малын сауып.
Не пайда құр машақат шеккенменен,
Ұтқызса ертең келіп, бүгін тауып.
Кейінгі балаларға үлгі болсын,
Қаламды қозғалтайын аттай шауып.
Меһирбан бұрынғыдай үлгі кетті,
Әшейін жаза салдым көңілім ауып.
Бар істі дүниедегі баян еттім,
Болмаса жабыспаймын жала жауып.
Бала қамын ойлайтын заман кетті,
Мақтанбас әйелдерде ер ұл тауып.
Ғаламға он сегіз мың мина толды,
Білген жан бұл мисалдан етер қауіп.
Үлкен тілін кіші алмас заман болды,
Құтылу ғилаж бар ма ебін тауып.
Өз басым баршасынан қауіп етпейді,
Жүргем жоқ бірінен де соның сауып,
Тұйғындар жамандаумен қарға болмас,
Есегің тұлпар болмас жабу жауып.
Бір ғилаж бола ма деп үміттенем,
Жарыққа шығар болсақ ғилаж тауып.
Ғылым-білім жөніне айналмасаң,
Бір күні жығыласың есің ауып.
Есіңе бай баласы сонда түсер,
Болдырып тоқтаса атың жүрген шауып.
Біреу сенсе алдымда ағам бар деп,
Дүниенің бітуінен етпей қауіп.
Біреу жүрсе артымда інім бар деп,
Інісі табанынан жүрсе сауып,
Селбесіп екеу-екеу шығын қылмай,
Кебісін қартқа беріп қойса жауып,
Білгенге осы сөзім ғибрат дүр,
Зорлықпен ұқтыра алман шапшып-шауып.
Жұманұлы Әбілда
09.11. 1932 ж.





Пікір жазу