03.09.2022
  116


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ДҮНИЕГЕ

Сұм дүние, қызыл түлкі сылаңдаған,
Алдадың құйрығыңмен бұлаңдаған.
Қаншықтай я болмаса түлкі алатын,
Еркелеп жылмаң қағып бұраңдадың.
Сұмырай мыстан кемпір сықылданып,
Қутыңдап ең болмаса шұнаңдадың.
Біреумен төс соғысқан дос боп кетіп,
Біреуге бір қиырдан қылаңдадың.
Алданғыш, еліктегіш адам болып,
Әуелде мәнісіңді біле алмадым.
Алпыс екі айлаңа түсіп кетіп,
Ере алмай сағымыңа тұра алмадым.
Қусам да бейнеттеніп сені көп жыл,
Маңыма бір жиылып құралмадың.
Қараңды бір-ақ көрдім ақырында,
Жоқ болдың көз алдымда мені алдадың.
Дауыл жел толқындатып толқын қуып,
Кез болып мұндай уақыт түсі суық.
Оған еріп қаңбақ боп адам басы,
Әрбірі бет-бетімен жүр ғой қуып.
Солардың бірі болып менде жүрмін,
Сол жолда ел аралап белді буып.
Маңызды сұм денеден салмақ кетіп,
Болдық қой жел айдаған бір желқуық.
25.08.1932 ж.





Пікір жазу