ЖАРЫМ
«Кердең-кердең жүресің, сен не таптың?»
Мен айтайын, айнымайтын жар таптым.
Күндіз-түні жар қойнына жатамын,
Естімеймін уын-шуын жан-жақтың.
Қанша құшсам-дағы сусын қанбаған,
Жан жарым бар неге керек мал маған?
Жарым күншіл көз салдырмайд жан-жаққа,
Жібермейді жұмысқа да, мансапқа.
Сондай ерке оны құшып керіліп,
Күндіз-түні күңірене бер тек жат та.
Әке маған «сауда қыл, мал тап» дейді,
Жарым маған «мал деген не, тек жат» дейді.
Елім маған «елге еңбек қыл» дегенде,
Жарым маған «жатқан адам бекзат» дейді.
Жар айтқан соң жатар жақын көрген жар,
Жардың тілін алмауға не дәтім бар.
Тілін алдым үйден, елден айрылдым,
Бірі де жоқ мал да, ел де, намыс-ар.
Жар жат дейді жатамын да, жатамын,
Мас адамдай бос ойға ылғи батамын.
Ашылғанда ұйқыдан көз бар сырым,
Қылжалаңдап жоқты-барды шатамын.
Әрине, енді мені мақтар пенде жоқ,
Жап-жақсы еді жар аздырды деді көп.
Жұрт сөзі не жан жарымның қойнында,
Жата берем жаным-жаным, жарым деп.
Бұл жарым кім, тапшы кәне?– Денсаулық,
Сен дейсің ғой алма бетті ақжаулық.
Жоқ, жолдасым, адасасың айтайын,
Жарым менің – атышулы жалқаулық.
Мағжаннан
21.08.1932 ж.