КӨПКЕ
Жазылсын көпке тарап бұл кінешке,
Жазылды кеткенімде жиырма беске.
Қадірлеп сөз асылын танығандар,
Қолына ала отырсын мәжілісте,
Замандас өзімменен құрбыларым.
Көтеріп лақабымды алсын еске,
Мағыналы сөзім терең болмаса,
Бір әсер бермейді деп үміт кеспе.
Жазушы бар сөзімен базар ашты,
Жиылып, өнерпаздар, кел кеңеске.
Сынына білгіштердің сөзді салып,
Болмайды ғақыл, сәбет бер демеске.
Өзіңді биік ұстап менмен болып,
Лайық па емтихан қып тергемеске.
Тал түсте қойға қасқыр шауып жатса,
Дұрыс па көре тұрып үндемеске.
Әр іске өз порымынша баға беріп,
Қиянат теріс әділдік шын емеске.
Білімсіз топас болсаң мойынға алып,
Болар ма ғаярларға бір демеске.
Сәбетте қатулықпен басың қосып,
Пайда жоқ құр шулаған ерегесте.
Шамаңыз келмес жерге бой көрсетпе,
Бұлданба өз қолыңнан келер іске.
Пәленше білсін деген сөзге мәз боп,
Мырзалар, тілімді алсаң еліріспе.
Әзірше өнер, айла керек болар,
Тіл алсаң омыраулап салма күшке.
Жел сөзім елтихатсыз босқа қалып,
Түбінде қалып жүрме өкінішке.
Жұмысқа абыройсыз қатынаспай,
Бел байлап тәуекел қыл жігер іске.
12.08.1932 ж.