ОРТА ЖҮЗДЕН АРҒЫН АҒА ЕР ЕДІ
Орта жүзден Арғын аға ер еді,
Қандай қазақ Арғынменен тең еді.
Бәйбішеден Мейрам жалғыз ұл еді,
Сол Мейрамның бес баласын сағындым.
Мейрам ұлы Қуандық пен Сүйіндік,
Қаракесек, Бегендік пен Шегендік.
Салмағыңа тең келетін қазақ жоқ,
Тұрмысыңды туысым-ай, сағындым.
Момын – Арғын тоқалының аты еді,
Қанжығалы, Тобықты ердің заты еді.
Бәсентиін, Қарауыл мен Атығай,
Еңіреген ерлер шыққан халық еді.
Шағыр жетім Шақшақ момын ер еді,
Шұбыртпалы о да Арғын ұлы еді.
Қазақ Арғын еліменен тең еді,
Ел асылын, ер асылын сағындым.
Ғибрат жаздым жастарға еткен талап,
Қасыңнан ұран салып өттім жанап.
Желікпей жүйрік болсаң тұра алмайсың,
Кермеде арғымақтай тұрған жарап.
Кезіңде қыз қылықты қимылдап қал,
Тіл мен жақ байланарсың бір күн әлі-ақ.
Өнерден бозбалалар үлес алмай.
Мақұрұм үйде отырып қалма қарап.
Сен өсіп камалатқа жеткеніңде,
Базары бұл ғылымның кетер тарап.
Тарылып дін-дүниеміз бара жатыр,
Япырм-ау, білген бар ма бұл не ғажап?
Ойламас ертеңгісін не болам деп,
Салынып жалқаулыққа біздің қазақ.
Әр түрлі кемшілікті бетке басып,
Кетеді басқа жұрттар бізден асып.
Бекерден құр кеудеге сала бермей,
Бізге де лайық болар мойынға алмақ.
Сынасып жұрттың бәрі өнерменен,
Болып тұр қалам-сия қару, қазақ.
Білімді мыңды, білекті бірді жығар,
Халықтың айтуында өнер сабақ.
Ұқыпты, инабатлы болсаң, құрбым,
Құрметтер халқың сені дәрежелеп,
Өтірікші уағдасыз болсаң егер,
Баддұға оқыр саған әр кім қарап.
Сырың бір, қырың сегіз болсын құрбым,
Бұл өзі бозбалаға ауыр салмақ.
Қанжығалы Олжабайдан
07.08.1932 ж.